21.07.2025
11:14
3179
Ыстық шай қатерлі ісікке алып келеді – онколог

Ыстық шай қатерлі ісікке алып келеді – онколог

Қазақ үшін ыстық шайдың орны бөлек. Шай ішпесе басы ауыратын адамдар ауа райының ыстығына да қарамайды. Алайда мамандардың сөзінше, сүйікті сусын денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Онколог мамандар температурасы 56-70 градустан жоғары болатын ыстық сусынды жиі ішу өңеш пен асқазан обырының даму қаупін арттыратынын алға тартады. Бұл туралы Роспотребнадзордың эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығына қарасты CMD молекулалық диагностика орталығының онкологы Мария Чистякова Газета.Ru-ға берген сұхбатында айтты.

Онколог бұл өңеш обыры онкологиялық аурулардың ең қауіпті түрлерінің бірі саналатынын тілге тиек етеді. Ауру органның ішкі қабатын құрайтын жасушалардың өзгеруінен туындайды. Мұндай өзгеріс әдетте шырышты қабаттардың жүйелі түрде зақымдануынан болады, мысалы, ыстық сусын, тұзды немесе ащы тағамдарды тұрақты тұтыну.

Мария Чистякова бұл жайт обырға дейінгі өзгерістердің пайда болу ықтималдығын арттыратынын, ал олар уақыт өте келе өңеш обырына әкелуі мүмкін екенін айтты. Бұған қоса, генетикалық бейімділік, алкоголь, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, иммунитеттің әлсіреуі, улы заттарды жұту сынды басқа да факторлар өңештің шырышты қабатына кері әсер етеді.

Сонымен қатар обырдың даму қаупін арттыратын тағы қандай жайттар барына тоқталды:

  • ГЭРБ (гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы);
  • диафрагма тесігінің жарығы;
  • кардия ахалазиясы (өңештің тарылуы);
  • семіздік.

Бұл сырқаттың бәрі жасушаларды зақымдап, созылмалы қабынуға әкеледі. Нәтижесінде бұл мутациялар мен жасушалардың бақылаусыз көбеюіне себеп болуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) да бұл мәліметті растайды. Мамандар шай не кофені қайнағаннан кейін бірден ішпеуге, кем дегенде 4 минут күтуге кеңес береді – сол уақыт ішінде сусын температурасы қауіпті деңгейден түсіп, қауіпсіз болады.

Өңеш обырының ерте белгілері:

  • Кеуде немесе жауырын арасы тұсында ауырлық, күйдіру, жұтыну кезінде ауырсыну;
  • Кекіру;
  • Кенеттен салмақ жоғалту;
  • Жұтыну қиындығы;
  • Етке деген жиіркеніш;
  • Қышқылдық (изжога);
  • Жүрек айну.

Асқынған жағдайдағы белгілері:

  • Дауыс қарлығуы немесе мүлде жоғалуы;
  • Тез тою, тәбеттің жоғалуы (егер асқазан зақымданса);
  • Диафрагма тұсындағы тұрақты ауырсыну;
  • Сілекейде қан пайда болуы.