Қырым татарлары туралы не білеміз?

5 Қазан 2020, 23:01 11754

Қазақстандағы ұлттар

Қырым татарлары атауы жағынан кәдімгі татар ұлтына ұқсас, бірақ шығу тегі, қалыптасу тарихы, тұрмысы мен тілі жағынан басқа халық. Олар Қырымның байырғы тұрғындары болғандықтан өздерін «Қырым татарлары» деп атайды. Және далалықтар, таулықтар, ялыбойлықтар деп үш топқа бөлінеді.



Халықтың қалыптасуы

Қырым территориясына әр кезеңде түрлі халықтар қоныстанған. Олардың қатарына таврлар, скифтер, сарматтар, аландар, гректер, готтар және римдіктер, сондай-ақ хазарлар, печенегтер, итальяндықтар, черкестер, түріктер мен моңғолдар жатады. Олардың қалыптасуына негізінен үлес қосқан Киев Русінде половецтер деп аталған батыс қыпшақтар болып табылады. Осы халықтардың араласуынан қырым татары этносы шыққан.

Қырым татарларын «татар» деп атау Алтын Орда ыдырап, Қырым хандығы құрылған кезде нығая түсті. Қырым хандығы тұсында халықтың қалыптасу кезеңі аяқталады. Мемлекет 1441 жылдан бастап 1783 жылға дейін өмір сүреді. Ұзақ уақыт бойы хандық Осман империясына қарамағында болды. Бұл Қырым татарларының діні мен мәдениетіне ықпалын тигізді. Ресей Осман империясын жеңгеннен соң, 1783 жылы Қырымды Ресей әскері басып алып, Ресей империясының қол астына кіргізді. Биліктің қыспағына ұшыраған Қырым татарлары жаппай Осман империясына көшіп кетті. Кейін әр түрлі санақтар бойынша қоныс аударушылар саны 1,8 млн адамға жетті. 1917 жылғы төңкерістен кейін және большевиктер билікке келгеннен соң 1921 жылы РСФСР құрамында Қырым АССР-і құрылды. 1921 жылы республикадағы 720 мың адамның 50%-ын орыстар мен украиндер, 23,1 %-ын – татарлар, 6,7 – немістер, қалғанын – гректер, армяндар, латыштар, балқарлар мен қараимдар құрады.

Қазақстанда пайда болу тарихы

Екінші дүниежүзілік соғыста Қырым территориясын немістер басып алды. Басып алынған аймақтарды Кеңес әскерлері азат еткеннен соң, халықты жаппай «Отанын сатты», «жауға көмектесті», «антисоветтік әрекет етті» деген желеулермен жер аудара бастады. Қырым татарларын депортациялаған кезде олардың фашистерді жеңуге үлес қосқаны ескерілмеді. Олар майданда соғысқаннан кейін өзге неміс әскерлері Қырымды басып алған кезде оларға қарсы партизан соғысын жүргізген еді.

1944 жылы 18 мамырда И. Сталиннің бұйрығымен Қырым татарларын депортациялау операциясы жүргізілді. Қоныс аударғандардың көбі Өзбекстанға, оған жақын орналасқан Қазақстан мен Тәжікстан аудандарына келіп орналасты. Сонымен қатар біраз бөлігі бұрынғы Марий АССР-іне, Орал мен Костромск облыстарына жіберілді.


Содан кейін Қырымнан қоныс аудартылған Қырым татарларының жалпы саны 191 мыңға жуық адамды құрады. Оның ішінде Қазақстанға 4501 адам келді. Олардың тұрмыс жағдайлары өте төмен болды. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жетіспеді. Қоныс аударушылардың көпшілігі аштық пен аурудан көз жұмды. Мысалы, алғашқы айларда жолда 46%-ға жуығы қаза болды. Қырым татарларының қалпына келу процесі 1967 жылы ғана аяқталды. 80-жылдардың соңына дейін Кеңес билігі Қырым татарларының реабилитациясын тежеді. Қырымға жаппай қайта қоныстану 1990 жылы басталды. 1993 жылы Қырымға 270 мың адам қайтып оралды.

Қазақстандағы Қырым-татар диаспорасының сандық динамикасы әр түрлі жылдардағы санақтар бойынша түрлі көрсеткіштерді көрсетті. Бүгінде Қазақстанда 1 мыңға жуық Қырым татарлары өмір сүреді. Олар барлық облыстарға таралған. Ең көп таралған аймақтарға Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары жатады.

Қырым татарларының негізгі кәсібі сан ғасырдан бері мал және егін шаруашылығы болды. Далалық аймақтарда көшпелі мал шаруашылығы дамыды. Алайда XVIII ғасырдан бастап олар жаппай отырықшылана бастайды. Қырымның оңтүстік аудандарында егіншілік, жүзім, мал шаруашылықтары дамиды. Ал Қара теңіз жағалауында балық аулаумен айналысты.

Тілі мен жазуы

Қырым татарларының тілі түркі тілдеріне жатады. Олар солтүстік немесе далалық, таулық және оң жағалаулық деп үш диалектіге бөлінеді. Жазудың ерте кезеңдегі ескерткіші XIII ғасырға жатады.1929 жылға дейін Қырым татарларының жазуы араб графикасы негізінде дамыды. Одан кейін латынға, ал 1938 жылы кириллицаға көшірді. 1992 жылы бұл халықтың жазуы латын негізінде дамыды. XIV-XIX ғасырларда Қырым татарларының әдебиеті гүлденген кезге жатады. Халық поэзиясын тудырған ақындар мен жазушылардың шығармалары жарық көре бастады. Олардың қатарында XIX ғасырда Абдулмеджит «Юсуф и Зулейка», XVI ғасырда Гази Герей мен Азаулык Досмамбет, XVII ғасырда Ашик Умер мен Жанмухамет, XVIII ғасырда Сейид Мухаммед Ризалардың шығармалары бар.

Татарлар –  қонақжай халық

Татарлардың ерекшелігі қонақжай болып келеді. Қонақ – татардың үйіндегі құрметті адам. Ол үстелдегі төрдегі орынға отырады. Татарлардың дәстүрі бойынша ішуге кофе ұсынса, оны қолына берген. Бұл қонақтың келгеніне қуанышты екенін білдіреді. Егер қонақ қолын қайтарса, демек, оны сыйламайды деген сөз. Шайды толтыра құйған да, сыйламағанның белгісі саналған. Қырым татарларының отбасында тағамды «Бисмилля» сөзімен отағасы бастап алады. Одан кейін қалған мүшелері тамақты іше бастайды. Бұл тәртіпті бұзу тәрбиесіздікті көрсетеді. Тамақ ішіп болғаннан кейін, ешкім тұрып кетпейді. Үйдің үлкені қысқаша дұға оқығаннан кейін ғана дастархан басынан тұратын болған.

Қырым татарларының негізгі тағамдары

Қырым татарларының негізгі тағамдарына ет, балық, жеміс-жидек, сүт жатады. Олар ет тағамдарынан қой еті мен сиыр етін жейді. Және де къакъач пен бастырма жасайды. Әдетте, еттен, картоптан, асқабақтан, күріштен, жаңғақтан тағы да басқа түрлі бәліштер пісіреді. Көбінесе, наннан қабаттап (кобете, бурма, локъум, пите), ішіне қой және сиыр етін салып, дәмді бәліштер пісіреді.

Сонымен қатар майға чиберек немес майсыз янтыкъ пісіреді. Күнделікті дайындайтын тағамдарының ішінде тұшпара (къашыкъаш или татараш), бұршақ кеспесі (сюзме бакъла), қайнатылған қамырдың бөліктері (макъарне, акъчачыкъ) бар. Үгітілген жаңғақ пен сарымсақты айранға қосып, хош иісті қамыр жасайды. Сүт тағамдары ішінен ашытылған айран (къатыкь, ёгьурт), сонымен қатар тұз салынған, қою қышқыл сүт (сюзме къатыкъ) және сүзбе (ырымчыкъ), қаймақ (къаймакъ), сары май (сары ягъ) дайындайды. Сиыр, ешкі және қой сүтінен түрлі ірімшіктер жасайды (пенир, къашкъавал). Ал бие сүтінен шипалы қымыз, қою қышқыл сүттен пияз бен тұзды су құйып, шөл қандыратын сусын дайындайды. Оны қырым татарлары язма немесе айран деп атайды. Бал, өрік, кептірілген жемістермен, жаңғақпен шай мен кофе ішеді.

Ұлттық киімдері

Қырым татарлары ер адамдар киетін киімді «левантий көйлегі» деп атайды. Ол ұзын жеңді, ақ зығыр көйлек. Және де ерлер кең шалбар, мата көкірекше көбінесе қызыл түсті, алтын жіппен тігілген, түйме тағылған киімдерді киетін болған. Үстіне жолақты жібек матадан тігілген кафтан тіккен. Белін жалпақ матамен буып жүретін болған. Әйелдер ұзын, кең жеңді ақ түсті матадан тігілген көйлектерді киген. Ұзын шалбар тірсекті жауып тұрады. Шалбардың төменгі балағын боялған кенептен тіккен. Көйлектің үстінен кеудеше киіп, белін аспа белбеумен буады. Әйелдер басына орамал тақса, қыздар дөңгелек пішінде бас киім киген. Бастарына «чаршаф» байлаған. Далаға шыққанда беттерін аттың жалынан тоқыған тормен жауып, көз көретін ойық жасап жүздерін жасырып жүретін болған.

 Қазақстанда ашылған қоғамдық бірлестіктер

22 сәуір 2009 жылы Алматы қаласында «Ватандаш» атты Алматы қоғамдық бірлестігі ашылды. Оның мақсаты Қазақстанда тұратын қырым татарларын біріктіру, қырым-татар тілін, халық дәстүрін, биін, әдет-ғұрпын үйрету болды. «Ватандаш» бірлестігі қырым-татар тілін үйретіп, тарататын бірден-бір орталық екенін ерекше атап өту керек. Сонымен бірге қырым-татар тілінің сабақтарына жастар да, үлкендер де қатысып келеді.

 

(Суреттер: ашық ғаламтор көзінен алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: