Қырғызстанда қазақ киносының күндері өтеді

2 Тамыз 2022, 09:38 1744

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы биыл қазақстандық кино күндерін 15 шет мемлекетте өткізуді ұсынып отыр

Бішкекте 5-6 тамызда қазақ киносының күндері өтеді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

Аталған шараны еліміздің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі кинематография департаменті ұйымдастырады.

Сонымен қатар, оған Т. Океев атындағы «Қырғызфильм» ұлттық киностудиясы, Қырғызстанның Кинематографистер одағы мен Ш. Айтматов атындағы Кино үйі қолдау көрсетеді.

«Бішкек – еліміздің кино күндері өтетін алғашқы қала. Осыған байланысты «Ала-Тоо» кинотеатрында Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» және Айжан Қасымбектің «От» фильмдері ұсынылады. Әр картинаны оны түсірген команда таныстырады. Біздің негізгі мақсатымыз – іскерлік байланысты дамыту және отандық фильмдерді халықаралық деңгейге шығару. Сондай-ақ, бірлескен жобаларды іске асыру үшін серіктестер мен инвесторларды тарту», - деп атап өтті Әсел Ырыс.

«Мұқағали» кинокартинасында көрнекті ақынның өмірінің соңғы жылдары баяндалған. Фильм 25-ші Таллин кинофестивалінде тәуелсіз қазылар алқасының арнайы сыйлығын иеленген.

Ал, «От» фильмінің әлемдік премьерасы былтыр Пусандағы халықаралық кинофестивальде өтті. Сондай-ақ, картина Германиядағы «Film Festival Cottbus» және Сингапурдағы «Singapore International Film Festival» кинофестивальдерінде ұсынылды.

Туындыда басты рөлді сомдаған Төлепберген Байсақалов Сочи, Лос-Анжелес және Сингапур кинофестивальдерінде марапатқа ие болды.

Сонымен қатар, «От» кинофильмі Минскіде өткен «Лістапад» халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссерлік жұмыс» және «Үздік музыка» номинацияларында жүлде алды.

Қырғыз Республикасындағы қазақстандық кино күндері аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тұсаукесері өтеді. Іс-шараға қатысу тегін.

Бөлісу: