Қырғыз ұлтының мәдени мұрасы

15 Қазан 2018, 12:23 8223

Жиырма алты жыл бұрын 15 қазан күні Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Сол аралықта екі елдің маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестігі дамыды. Қазақстан өсімдік шаруашылығының түрлерін, ұн, бидай, кондитерлік өнімдерді, сонымен қатар металл, тас көмір, тұрмыстық техника және басқа да өнімдерді экспорттаса, Қырғызстан Қазақстанға ауыл шаруашылық өнімдерін, көкөніс пен жеміс, тоқыма заттар, кен, қызу шамдарын жеткізеді.

Жалпы қазақ пен қырғыз ұлтының ұқсастығы көп. Екі ұлттың түр-тұлғасы, бет-әлпеті де бір-біріне сәйкес келеді. Тұрмыс-тіршілігіндегі айшықты ұқсастық тіпті көп.

Қазақстанда бүгінгі таңда жиырма мыңнан астам қырғыз ұлты тұрса, Қырғызстанда тұратын қазақ халқының саны қырық мыңнан асады. Көршілес жатқан екі елдің арасында бауырластық бекем.

Бұл шолуда қырғыз халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, фольклоры жайлы сөз қозғалмақ.

Қырғыздардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері әлемнің басқа да халықтары сияқты өзінің мазмұны жағынан күрделі және бай этникалық кешен. Оның сипатты белгілерінің қалыптасуына түрік-моңғол көшпелі мәдениеті үлкен ықпал еткен еді.

Қырғыз халқының қонақжайлылығы ежелден бері тамаша халық дәстүрлерінің бірі болып саналады.

Үйдегі бар дәм құтты қонаққа арналып тұрады. Қырғыздар: «Конокту уйде кут бар» дейді, яғни, «қонақты үйде құт бар» дегендері.   

Темир-комуз — металлдан жасалатын ауызда ұстап шертетін аспап. Ол U-тәрізді, ұзындығы 6-7 см, жез, мыс немесе қоладан жасалады. Құралдың ортасындағы «шанышқысын» оң қолдың саусағымен ұстап тұратын бекітілген болат «тілі» болады.

Ойын барысында темир-комузды ауызда ұстайды, оның табиғи резонаторы бар. Әр дыбысында барлық орындаушылық аппарат жұмылдырылады: ерін, көмей, қол және музыканттың өкпесі. Әуен жұмсақ, жеңіл, күміс реңкпен шығады. Аспап қырғыз халқының сүйікті аспабы.

Чопо-чоор — көне үрмелі аспап. Ол керамикалық нұсқада кеңінен таралған және ұзындығы 20 см және ені 8 см, ұзын пішінді. Орындаушы аспапты аузында ұстап, ұзындық бойында орналасқан тесіктерді саусақпен басып үрлеп ойнайды. Аспаптың тембрі терең және анық, төмен дыбыстарда міңгірлеп шығады. Оны қысқа виртуоздық әуендерді орындау үшін қолданады.

Добулбаш — ұлттық соқпалы аспап. Ырғақтың басты тасымалдаушысы — адамның көркем ой-өрісінің ең күшті құралдарының бірі.  

Добулбаш үстін терімен қаптаған бір жақты барабан сияқты. Аршадан кесілген корпустың биіктігі 60 см-ден, түйе терісімен қапталған жарғақшаның диаметрі 25-30 см-ден аспайды. Аспапты қамшы немесе алақанмен ұрғылап ойнайды. Құралдың дыбысы қатты әрі даңғырлап шығады. Ертеде әскери белгілерді беру үшін қолданылған.

Қырғыздардың музыкалық фольклоры — бұл халықтың әуенмен жазылған тарихы, оның еркіндікті сүйгіш рухы, ашық әрі мейірімді және адамгершілік пен өшпес ұшқындық оптимизмінің толық бейнесі.

«Манас» — қырғыз халқының ерлік эпосы

Бірде қырғыз әдебиетінің классиктерінің бірі: «Манас» — қырғыз халқының тарихы мен рухани өмірінің мыңжылдықтағы тәжірибесін көрсететін халық ойының алтын қазынасы» деп айтқан болатын. Онымен келіспеу мүмкін емес. Шынында да, «Манас» жыры табиғатында ауызша шығармашылықтың үздік үлгісіне, жанрлық мазмұны жағынан батырлық эпосқа жатады. Алайда жырдағы оқиғаларды қамту бойынша, ол дәстүрлі жанр шеңберінен алыс шығып, көптеген ұрпақ өмірінің өзіндік шежіресіне айналды.

Жырдың басты тақырыбы — ұлттың өміріндегі оқиғаларға қарайқырғыз ұлтының қалыптасуына арналған орталық идеясы. Эпоста қырғыздардың тәуелсіздік үшін күресі, қас жауларына халық бірлігі үшін қарсы тұрған шайқастағы батырлардың ерлігі жырланады.  

«Манас» 500 мың өлең жолдарынан тұрады және көлемі жағынан барлық танымал әлемдік эпостардан асып түседі. Ол «Одиссея» және «Иллиада» эпосынан 20 есе, «Шах-намэден» 5 есе, үндінің «Махабхаратынан» 2,5 есе,. ал қазақтың «Қобылданды батыр» жырынан 50 есе артық.   

«Манас» жырының көлемі орасан зор және ауқымды болуы қырғыз эпикалық шығармашылығының ерекшелігінің бірі болып табылады және ұлттың өткен тарихын айқындайды.

«Манасты» тұңғыш зерттеген ғалым – Шоқан Уәлиханов.  

Қырғыздар өзінің бүкіл тарихында ғасыр бойы жасаған мемлекеттерге соғыс ашып, көптеген халықтарды жойып жіберген жаулап алушылардың шабуылына үнемі ұшырап отырған Орталық Азиядағы ең көне халықтардың бірі. Тек табандылық, қарсылық, күш пен батылдық қырғыздарға толық жойылудан құтылуға көмектесті. Әрбір қанды шайқас көп қырлы халықтың батыр ұлдары мен қыздарының даңқын асқақтатты. Ұлттың ерлігі мен батырлығы бас игізіп, оны дәріптеп жыр қылуға лайықты.

Ал «Манас» жыры — бұл шежіре, онда қырғыз халқының өмірі мен тұрмысы кеңінен суреттелген. Қырғыз еліне бармаған адам «Манас» жырын оқыса, халықтың менталитеті мен өмірлік ұстанымымен таныса алады деген пікір бар.

Жырда халық шығармашылығының әртүрлі көркем жанрлары қолданылған: өсиеттер (керээз), жоқтау (кошок), ғибрат (санаат-насият), ән-шағымдар (арман), сондай-ақ аңыздар, ертегілер мен әпсаналар. Бірақ бұл «Манас» жырын құрап отырған біржақты жинағы екенін білдірмейді, эпоста негізгі композициялық нақты сюжеттік желі бар, ал көркемдік толықтырулар тек жырға арқау болып келеді.

Эпопеяның негізгі кейіпкері — Манас батыр. Ол — ұлы және данышпан батыр. Ойдан құрылған немесе шынында да тарихи кейіпкер болған ба деп айтуға дәлел жоқ, алайда жырда айтылған әрекеттер Алтай мен Хангай арқылы Енесей мен Орта Азияға дейінгі аумақты қамтып отыр.    

Ең алдымен эпоста тек бір эпизод болған деген жорамал бар. Басты кейіпкердің өмірі мен ерліктеріне арналған «Ұлы жорық» эпизодында Манастан бастап барлық жағымды кейіпкердің қазасымен аяқталғандықтан, халық арасында жалғасын тапқан болуы керек. Кейінгі эпизодтарда ең алдымен Манастың ұлы Семетей, содан кейін Сейтек келеді. Сөйтіп эпостың үш бөлігі бір-бір кейіпкерге арналған.

Трилогияның барлық бөлімдері бір сюжетпен байланысты, алайда «Манастың» өмірбаяны бейнеленген алғашқы бөлімнен Семетейдің тарихы ерлікке ғана емес, романтикалық-сүйіспеншілік сюжетке негізделгенін аңғаруға болады.  Сондықтан да халық арасында кең таралған.

Эпостың екінші бөліміндегі тарихи оқиға Орта Азияда XVI-XVII ғасырда өрбиді.

Ерлік дастанын жырлайтын эпостағы зұлымдықты жеңу үшін үшінші «Сейтек» бөлімі өмірге келген. Соңғы бөлімде халықтың көп ғасырлық еркіндік пен әділет үшін күресі аяқталады.

Осынау мәдени естеліктің халық арасында сақталуына себепкерлер — «манасшылар», халық арасында «жомокчу» деп атайды. Олар белгілі бір жыршылар тобын құрайды және шығармашылығы поэтикалық мәтінді әртістік қабілетпен жеткізе білумен ерекшеленеді. Шеберлік деңгейіне қарай халық оларды: жаңа бастап оқып үйреніп жүрген оқушы (чала манасчы), оқушы (уйрёнчук) және шебер жыршы (чыныгы манасчы) деп бөлген.

«Манас» жыры халықтың ауызекі шығармасы. Ол бірегей мәтінді. Дегенмен де қазіргі уақытта ғылымда бір-бірінен ерекшеленетін 34 нұсқасы жазылып алынғаны туралы ақпарат бар.  

Баланың тууы

Әр отбасының ең қуанышты және көптен күтетін уақиға, әрине, баланың тууы. Отбасындағы бала – рудың жалғасы, ұлттың ұрпағы. Сол себепті де Қырғызстанда балаларға деген көзқарас ерекше.

Ертеректе жүкті әйелді босанғанға дейін үйдің тіршілігінен босатып, еш алаңдатпай, күтіндіретін болған. Сонымен қатар жүкті әйелдің киіміне міндетті түрде тұмар тағылады, сондай-ақ «аюу тырмагы» (аю тырнағы) немесе «укунун тырмагы» (үкінің тырнағы) ілініп қойылады. Босанатын әйелдің киіз үйінде күндіз-түні от жанып, есікке ұшы қаратылып пышақ жатқан, ал үйдің керегесінде аузы аспанға қаратылған мылтық байлаған. Барлық аталған құралдар зұлым рухтарды үркітеді деп сенген.

Жаңа туған нәрестенің алғашқы тамағы «сары ма» ерітілген сиыр майы, алғашқы киімі — «ит койнок» деп аталған. Оны ауылдың құрметті адамдарынан сұратылып алынған мата кесінділерінен тігіп, алдымен итке кигізген. Мұның бәрі «ырым» деген сенім бойынша баланың ұзақ және бақытты өмір сүруі үшін жасалған.

Содан кейін жаңа туған нәрестені «бешик» төсекке салу рәсімі жасалып, кейін «ат койуу» ырым жасалып, бала өсе келе бірінші қадамы мерекеленген, оны «тушоо кесу» (тұсау кесу) деп атаған. Үш, бес немесе жеті жасында ұл балаларға міндетті түрде «суннет» жасалып, қыз балалардың 10-11 жасында салтанатты жағдайда тұлымдарын өрген. Бұл қыз баланың бойжеткендігін білдіреді.

Қырғызстанда балаларды туғаннан бастап тіл-көзден қорғау үшін түрлі бойтұмарларды қолданған. Жалпы ежелден қырғыздарда он және одан да көп баласы бар отбасы құрметтелген.

Үйлену тойы

Үйлену тойы — қырғыз халқының мәдениетінде шын мәнінде бірегей құбылыс. Оған байланысты рәсімдер кешені — тойдың ең әсем бөлігі. Ұлттық үйлену дәстүрі туралы айтқан кезде, әрине, ең алдымен құда түсу мен қалың мал төлеудің қызықты салт-дәстүрі бірінші кезекте.

Бүгінде барлық рәсімдер орындала қоймайды, бірақ негізгі сәттер кез келген салтанатта міндетті түрде орын алады.

Қырғыздарда балаларын туғанға дейін атастыруға рұқсат етілген. Бұл дәстүр түрі «бел құда» деп аталады және ол «сөөктешуу» туыстық қарым-қатынасты тығыз орнықтырғысы келетін жақын жора-жолдастырдың арасында кеңінен таралған.

Сонымен қатар дәл осылай бесіктегі нәрестелерді де атастырады, ол қырғыздарша «бешик куда» деп аталады. Кішкентай қалыңдықтың құлағына күмістен сырға тағылады. Оны қырғыздар «сойко салуу» деп атайды.

Қырғыздар ислам дінін ұстанады. Бірақ көптеген мұсылман халықтарға қарағанда, екі жас тойға дейін бір-бірімен кездесіп, таныса алады.

Дәстүр бойынша болашақ күйеу жігітті алдын ала көру жоралғысын жасайды. Үйлену тойына дейін жас жігіт ауылдың сыртына киіз үй тігіп қоюға тиіс. Бұл қалыңдық құрбыларымен келіп, біртіндеп болашақ күйеуімен танысу үшін арнайы жасалатын жоралғы. Әдетте мұндай кездесулерде жастар жағы жиналып, ойын-сауық ұйымдастырады.

Қалыңдық болашақ күйеуінің үйіне ұзатылар алдында дәстүрге сай барлық туғандарын аралап, олармен қоштасады. Қыз ұзату жасалып, дастархан жайылады. Құрбылары ойын ойнатып, сауық құрады.   

Қалыңдықты алу үшін күйеу жақ қалыңдықтың әке-шешесіне «калын» береді, яғни, ірі қара мал.

Қалыңдықтың ұзатылар алдында бұрымын тарқатып, қалыңдық бұрымын өретін болған. Сол сәттен бастап қыз жатжұрттықа айналады дегенді білдіреді.   

Күйеу жігіттің отбасына келгеннен кейін қалыңдықтың басына ақ орамал тағылып, іс-әрекетіне біршама тыйым салынады:

— күйеуінің туыстарына арқасын қаратып отыруға;

— аяқты созып отыруға;

— дауысын қатты шығаруға, сондай-ақ күйеуінің туыстарын атымен атауға болмайды, өйткені олар жас келінге «тергөө» болып келеді, яғни, әркімге жеке-жеке лақап ат қояды;

— үлкендердің көзіне бейсауат көрінуге болмайды.

Қырғыз жылқысы

Жылқы малы қырғыз мәдениетінің ажырамас бөлігі болып саналады.

Қырғыз көшпенділерінің аттары халық тұрмысында, эпопеяда, әндерде, поэмаларда және ертегілерде айрықша орын алады. Ұлттық ауыз әдебиетінің алтын тәжі — «Манас» ерлік дастанында адам мен жылқының қарым-қатынасы туралы жеке әңгімеленеді.

Батырдың жан серігі — Ақбұлақ деп аталған екен. Шын мәнінде жауынгер үшін жүйрік ат — қанат сияқты. Көзді ашып-жұмғанша бір шыңнан екінші шыңға жүйткіп жеткізеді.

Қырғыздарға жылқы құнды, ал ат жалын тартып мінген ерлерді бәрінен жоғары бағалаған.

Ертеден-ақ қырғыз халқы бос уақыттарының басым бөлігін  ұлттық ойындар мен ойын-сауыққа арнайтын болған, ат ойындарынсыз бірде-бір думан өтпейтін. Көптеген ойындардың сипаты көшпелі өмір салтына толық бейімделіп, үлкен батылдықты, ептілікті талап ететін болғандықтан, ең сүйікті ойындары — шабандоздар сайысы болды.

Алайда, ғасырлар өте келе, отырықшы өмір салты пайда болды, барлық жерде механикаландыру және урбанизация жүрді, сонымен ат үстінде өтетін көшпелі өмір салты тоқтады. Қырғыз жылқыларының тұқымы ұсақталып, олармен тығыз байланысты ойындар сиреді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қырғызстанда бір кездері аты аңызға айналған тұқымды қалпына келтіру мақсатында 2005 жылдан бастап «Ат-Чабыш» фестивалі өткізіліп жүр. 

Фестиваль аясында алыс қашықтыққа «марафон-андюранс» халықаралық ережелеріне негізделген ат жарыс ұйымдастырылады. Бұл жүйрік аттар мен шабандоздарды іріктеуге көмектеседі.

Жарысқа әр түрлі жастағы және тұқымдағы жылқылар қатысады. Жарыста бірінші болып шауып келген жеңімпазға бағалы сыйлық табысталады. Әрбір жаттықтырушы (сяпкер) өзінің атын жаратып қосады. Сондай-ақ сыншылар (сынчы) болады, олар бұлшық еті, қан тамырлары, тыныс алуы және тіпті жылқының қоңдылығына қарап, оның жарысқа дайындығын анықтайды. Алғашқыда жарыс 53 км дистанцияға дейін болды, кейін қашықтықтың ұзындығы 100 км ұзарды. Қазіргі таңда бұл қашықтық өзгерген.

«Жорго салыш» — жорға жарысы, қырғыздардың тағы бір сүйікті ат спорты. Жорға қос аяғын қатар-қатар қойып шабады. Бұл кезде ат екі бүйіріне қарай кезекпен ауысып жорғалайды. Жарыста тек жүгіру жылдамдығы ғана емес, сонымен қатар жорғаның қозғалысының жүзіп келе жатқандай әсер қалдыруы бағаланады.

«Улак тартыш немесе кок-бору» — салт аттылардың ешкіге таласы. Орталық Азияның көптеген халықтарының ат ойыны. «Кок бору» атауы қазақ тілінде «көкпар» деп аталады. Бұл жарыстың пайда болу тарихы сонау дәуірлерден бастау алады. Қасқырлар кең дала жайылып жүрген отар-отар қойға, үйір-үйір жылқыға шабуылдай берген соң, қарусыз бақташылар жыртқыштарды атпен қууға мәжбүр болған. Жануарды өлгенше атпен қуалап жүріп қамшымен немесе таяқпен  сабап, жерден көтеріп алып, бір-бірімен таласа шапқан.  

Кейінірек қырғыздар «кок бору» деген атауын «улак тартыш» деп өзгертті, ол өз кезегінде ат спортының ұлттық түріне айналып, ешкінің тулағын пайдалана бастады.

«Кыз куумай» — қыз қуу. Баяғы заманда бұл дәстүр үйлену тойының бір бөлігі болды. Ойында қыз ең жүйрік жылқыға отырып, ойынды бастайды. Күйеу жігіт қызды қуып, өзінің қалындығына үйлену құқығынан айырылғысы келмейтінін дәлелдейді. Көбінесе жігітке әлсіздеу ат берілетін. Жеңіліп қалса, қыз қамшымен сабап, әзілге айналдырады.

«Тыйын энмей» — теңге алу. Ептілік пен денені меңгеру қабілетін сынайтын ойын. Бұрынғы кездерде жігіттер құйғытып келіп, ат үстінде жерде жатқан теңгені алатын. Қазір теңге орнына жалаушалар қойылып жүр.

Бүркітшілер. Бүркітпен аң аулау

Біраз уақыттан бері қолында жыртқыш құсы бар салт аттының бейнесі туристік ел —  Қырғызстанның ең танымал брендтерінің біріне айналды. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ. Бұл тамаша ел соңғы жылдары еуропалық туристерді тартатын жыртқыш құстармен аң аулайтын аңшылардың қызықты фестивалін өткізу орнына айналды, олар үшін осы әрекетті тамашалау — таптырмас құндылыққа айналды.

Өкінішке орай, дамыған Еуропада жыртқыш құстар жойылып кету шегінде және біртіндеп Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан қырғыз фестивальдары шын мәнінде қайталанбас көріністі көргісі келетін көптеген шетелдік жанкүйерлерді жинайды.

Құстармен аң аулау дәстүрі ежелгі тарихтан бастау алады. Бұл туралы көршілес Моңғолия аумағында табылған және қола дәуіріне жататын жартас бейнелері —петроглифтер куәландырады.

Адамдар ежелден аң аулау үшін жыртқыш құстардың түрлі түрлерін пайдаланған, бірақ тек бүркітпен аң аулау көпшілікке таралып кетті. Бүркіт — Орта Азия аумағындағы ең үлкен жыртқыш құстардың бірі. Ол түлкі, жас бұғы, қасқыр, тіпті арқарға шабуыл жасай алады.

Қырғыздар бүркіттерді он ғасыр бойы аң аулауға пайдаланып келеді. Адам өркениетінің даму кезеңінде атыс қаруы туралы ешкім білмеген еді. Аңшы үшін үйретілген құстардан артық көмекші болмады.

Ертеде қырғыздарда әкесі баласына бүркіттің балапанын осы құстай күшті болсын деп сыйға тартқан. Сонымен қатар осындай батыл қадамда таза тәрбиелік мән болды. Аң аулау үшін жыртқыш құстарды өсіру, оқыту және аңға салу — өте шыдамдылықты, табандылықты, мейірімділікті және жанның кеңдігін талап етеді.

Бүркітті үйретіп, аңға баулитын адамды «бүркітші» деп атайды.

Қырғыз киіз үйі

Қырғызстан 90 пайыз таулы жерде орналасқан көрікті мемлекет. Жазда жасыл жайлауда, қыста тау бөктерінде жайлаған. Көшпелі заманда бүкіл өмірлері бір орыннан екінші орынға ауысумен өтіп, олар өзіне лайықты көшірмелі, жеңіл жиналатын тұрғын үй жасады.

Киіз үй қырғыздардың көшпелі өмірінің негізгі принципіне толық сәйкес келді: «бәрі өзіңмен бірге».

Сөзсіз киіз үй — көшпенділер өркениетінің көрнекті жетістіктерінің бірі, оның құрылымы көшпенділердің бәріне бірдей, ал ұлттық өзіндік ерекшелігі зер мен ішкі жасақтардың элементтері арқылы көрінеді. Қырғыздардың киіз үйлері интерьер заттарын жасау тәсілдерінің алуан түрлілігімен және декорациясымен, өрнектердің айқындығымен және молшылығымен таң қалдырады.

Көшкен кезде киіз үйді бірнеше түйеге артып, әйелдер қауымы бір жарым сағатта тұрғызып қоятын.

Жазда киіз үй жерге қойылады, қыста алдымен ағаштан жасалған төсеніш төселеді.

Киіз үйдің негізі — ағаш қаңқасы, ол әдетте талдан, шыршадан жасалады. Керегенің төменгі бөлігі жиналатын торлардан тұрады. Ағаштары өзара  бұзау немесе түйе былғарысынан жасалған серпінді белдіктің көмегімен бекітіледі. Кереге саны киіз үйдің үлкендігіне қарай орнықтырылады. Кереге неғұрлым көп болса, үй соншалықты сыйымды болады.

Киіз үйдің есігін барынша кең, бірақ аласа етіп жасайды. Әрі ішке ашылады. Есікті табыс пен байлық әкеледі деп, арнайы оюлармен көмкерген.  

Киіз үйдің басты бір бөлігі — түндік. Ол арқылы түтін шығады, ал жазда даладан жарық түсуі үшін ашып қояды. Мұны қырғыздар «ченгорок» деп атайды. Яғни, аспанға баратын есік деген мағынаны білдіреді.

Өзінің аты айтып тұрғандай, ағаш кереге аппақ киізбен оратылып, ұлттық оюлармен әсемделінеді.  

Киіз үйдің іші де өз алдына бір әлем. Ол үшке бөлінеді. Еден — тылсым дүние, қабырға — адамдардың өмірі, шаңырақ — киелі. 

Көлденеңінен үй ер және әйел бөлігі деп екіге бөлінеді. Тура есікке қарама-қарсы жақ — төр деп аталады. Ол жерде құнды заттар сақталып, сыйлы қонақтар келгенде, отырғызылатын орын болып саналады.    

Оң жақ бөлігі — әйелдікі. Отбасылық өмірге арналған бөлік. Ол тұста үйдің мүшелері жиналатын болған, сонымен қатар «бешик» тұрады. Азық-түлік, ас үй жабдықтары сақталады.

Сол жақ бөлігі — ер адамдікі. Ол тұс қонақтарды қарсы алуға арналған. Ол санатта үйдегі қыз балалар да қонақ есебінде саналған. Жаңа қосылған жас-жұбайларды бөлек отауға шығарғанша да, сол жақ бөлікте тұратын болған. Сонымен қатар сол жақта үйдегі өлікті жөнелтетін болған.

Киіз үйдің орта тұсына ошақ қойылып, ас дайындалады.

Осы кезге дейін қырғыздар үйге қарай жүгірмеу, қарумен келмеу, босағаны баспау тәрізді ырым-тиымдарды сақтап келеді. Сонымен қатар салт бойынша есікті оң қолмен ашып, үйге оң аяқпен кіру керек. Үйге кірген соң сол жаққа аяқ киімді шешіп, ұсынылған орынға отырады. Үйден нан ауыз тимей шығуға болмайды, бұл үй иелерін сыйламайды дегенді білдіреді.   

Қырғыздар киіз үйге тіл тигізуге тиым салады.

 

Ұлттық киім

Қырғыз халқының дәстүрлі киімі — ұлттың материалдық және рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі және ел тарихымен тығыз байланысты. Көшпелі тұрмыс жағдайына және саяхаттауға толығымен бейімделген, ол мүлдем айрықша пішінімен ерекшеленеді. Киімнің сипатына таулы аймақтың қатал климаты айтарлықтай әсер етеді.

Ертеректе қырғыздар қыстың суығына төзетін мал терісінен түрлі киім тіккен. Ал мақта, барқыт және жібек матаны көршілес елдер — Өзбекстан, Тәжікстаннан әкелетін болған.

Әйел киімі

Дәстүр бойынша әйелдің ұлттық киімі үш компоненттен тұрады: белдемше, бас киім және шалма.

«Белдемчи» — жалпақ белдікке тігілген киім. Оны қымбат матадан тігіп, бағалы терімен көмкереді. Ұлттық ою-өрнекпен өрнектейді.

«Белдемчи» әдетте «кемсал» немесе көйлектің үстінен киіледі. Жас босанған әйел өзінің анасынан жасау ретінде сыйлыққа алады.  

Бас киім — әйел киімдерінің ажырамас бөлігі. Бас киімнің өрнектері түрлі түсті жіптермен тігіледі. Олар қызыл, сары, жасыл және ақ түсті.

Бас киімнің үстінен «элечек» — ақ матадан шалма тағылады. Алғашқы рет шалманы күйеуге ұзатылар кезде кигізеді. Бұл оның жаңа мәртебесін білдіреді. Тіпті жас келінге «Басыңнан ақ элечек ешқашан түспесін» деп тілек білдірген. Оны қысы-жазы тастамай киіп жүретін болған. Онсыз суға да шықпайды екен.  

Бойжеткен қыздар шағын «тебетей» киді. Оған кішкентай тері немесе үкі тағылады. 

Сонымен қатар әйелдің киіміне ұзын, кең көйлек, жеңсіз бен «камзур» — камзол кіреді. Қыс айында ішік «ичик» пен тұмсығы қайқиған ағаш өкшелі былғары  етік киген. Міндетті түрде әйелдің киімдерімен бірге әшекейлер де қолданады. Олар өз мәнінде тұмардың қызметін атқарған.

Ерлердің ұлттық киімі

Қырғыз ер адамының ұлттық киімі өз алдына міндетті элементтерді қамтиды.

«Кементай» — былғары белдікпен немесе мата белбеу тағып киетін киізден тігілген шапан. Көбінесе мұны бақташылар жауын-шашыннан қорғану үшін киетін болған. Ақ киізден тігілген шапанды байлар киген.

«Джаргакшым» — теріден немесе күдеріден тігілген, жібек оюлы шалбар. Сондай-ақ былғары етік немесе тұмсығы қайқы киіз етік пен «айырқалпақ» бас киімі ер адамдарға тән.

«Айырқалпақ» төрт тілім киізден тігіледі, жоғарыдан төмен қарай кең. Тігістері соңына дейін емес, тігілмеген бөлікті күннен қорғану үшін төмен түсіріп қоюға болады. Ең төбесіне шашақ тағады.

Бас киімдер тігісіне және матасына қарай әр түрлі. Байлардың бас киімі барқыттан тігілетін болған. Айырқалпақ осы күнге дейін сақталған.  

«Малахай» — қысқы бас киімнің ерекше түрі. Бас киімнің мойын жағы ұзынша болып келеді де, құлақты жауып тұратын екі «құлағы» болады. Оны түлкінің, жас қойдың немесе бұғының терісінен тігіп, үстіңгі жағын матамен көмкерген.

«Тебетей» — ерлердің тағы бір киімдерінің бөлігі. Оны да барқыт, мәутіден тігіп, түлкі, сусар және қара қойдың терісін айналдыра орайды.

«Кызыл тебетей» — бұл бас киімді хан сайлағанда басына кигізетін болған. Ертеде хабаршыны әлдеқандай хабармен жібергенде, оның «рұқсатнамасы» ретінде «тебетей» болған. 

Сонымен бірге ерлердің ұлттық киіміне тік жағалы көйлек, қой терісінен тұлып және шапан жатады.

Шапан — бос киілетін ұзынша келген сырт киім. Шапанды мақтадан немесе түйе жүнінен тігеді. Астарына шыт салынып, сыртына барқыт, мәуті, ши барқыт киіледі. Ертеректе шапанды әйелдердікі және ерлердікі деп бөлетін. Қазір оны қарт адамдар ғана киетін болды.

XX ғасырда қырғыз ұлттық киімдері еуропалық үлгіге бейімделген. Дәстүрлі қалпын әйелдер мен ер адамдардың кейбір сыртқы киім түрлері мен бас киімдері сақтап қалды.   

Бүгінде ұлттық киімдер мереке күндері, әдет-ғұрып рәсімдерін өткізгенде немесе театр қойылымдарында пайдаланылады. Дегенмен де ауылдағы қарттар ұлттық оюлардың элементтері бар костюмдерді киеді. Сонымен қатар ұлттық бас киімдер де қолданыста.

Қырғыз ұлтының тұрмысындағы мәдениеті табиғатына тән бірегей. Аңқылдап бар адамды бауырына басып тұратын ақкөңіл халық. Ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жандандыруды қолға алып, туристерді еліне көптеп тартуда.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: