Еуроодақ YouTube, Apple және Google компанияларын балаларды қорғау заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Snapchat, YouTube, Apple және Google компанияларының қызметі Еуропалық Одақтың кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі заңдарына сәйкестігі бойынша тексерілмек. Еуропалық комиссияның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде бұл тексерулердің Цифрлық қызметтер туралы заңға (Digital Services Act) сәйкес жүргізіліп жатқаны атап өтілген.
Комиссия аталған платформалардан жас ерекшелігін анықтау жүйелері, сондай-ақ жасөспірімдердің заңсыз өнімдерге (мысалы, есірткі немесе вейптерге) және зиянды контентке, соның ішінде тамақтану бұзылыстарын насихаттайтын материалдарға қол жеткізуін шектеу шаралары туралы толық ақпарат беруді талап етті.
Бұл қадам Еуропалық комиссияның онлайн-платформалардың балалар қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін күшейтуге бағытталған кең ауқымды бастамасының бір бөлігі саналады.
Тексеру қорытындысы бойынша, егер компаниялардың қызметі ЕО заңнамасына қайшы келсе, оларға айтарлықтай айыппұлдар салынуы мүмкін.