Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мәселелері талқыланды

20 Шілде 2022, 12:22 2871

Форумға құқық қорғау органдары мен қаржылық барлау бөлімшелерінің өкілдері қатысып жатыр

Елордада қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың халықаралық форумы өтуде, деп хабарлайды El.kz

Шараға Беларусь, Италия, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның құқық қорғау органдары мен қаржылық барлау бөлімшелерінің өкілдері қатысуда.

Сонымен қатар, Еуразиялық Топқа мүше елдердің құзыретті органдарының, Жоғарғы Сотының және Бас прокуратураларының өкілдері және Сербия, Швеция прокурорлары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың – БҰҰ ЕҚБ, ЕҚЫҰ, АДБ, ТМД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросы, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы, Қаржы мониторингінің халықаралық оқу-әдістемелік орталығы, сондай-ақ АҚШ елшілігінің өкілдері шақырылды.

ФАТФ хатшылығының өкілдері онлайн форматта қатысуда. Форумға қатысушылар ақшаны жылыстату саласындағы қылмыстық істерді анықтау, тергеу және сотта қарау тақырыбы аясында өзекті мәселелерді талқылуда. Параллельді қаржылық тергеулерді заңнамалық реттеу мәселелері, сондай-ақ басқа мемлекеттердің практикалық тәжірибесі мәселесі де қозғалады.

Қазақстандық тараптың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіп жатқан оң жұмысы атап өтілді.

Өз сөзінде Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов осы саладағы аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету Еуразиялық топ елдерінің қаржылық барлау бөлімшелері мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігіне байланысты екенін атап өтті.

«Бүкіл әлемде де, Қазақстанда да заманауи сын-қатерлер ақшаны жылыстатуға қарсы күрестегі басымдықты айқындайды. Осы бағытта тиісті шараларды қабылдау үшін біз «follow the money» принципіне негізделген параллельді қаржылық тергеу институтын белсенді түрде қолданамыз. Нәтижесінде ақшаны жылыстату фактілерін анықтау 4 есеге артты», - деді Ж.Элиманов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару жұмыстары күшейтілді. Ол ҚМА мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шет мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелерімен тығыз байланыста жүзеге асырылады.

Еуразиялық топ елдері мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қаржылық құқық бұзушылықтармен тиімдірек күресуге, сондай-ақ қылмыстық активтерді қайтарудың жедел мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, Қазақстанда қазіргі уақытта ФАТФ ұсынымдары аясында ЕАТ-тың өзара бағалау рәсімі өтуде.

Қатысушылар халықаралық форумда айтылған ұсыныстар заңнамалық актілерде көрініс тауып, құқық қолдану тәжірибесінде іске асатынына сенім білдірді.

Жалпы форумда 26 спикер 25 түрлі тақырыпта сөз сөйлейді, оның ішінде ақшаны жылыстатуға қатысты қылмыстарды ашу, тергеу және мұндай істерді сотта қарау әдістемесі де бар.

Бөлісу: