Йель университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы гуманитарлық зерттеулер зертханасы Суданның Эль-Фашир қаласында СБР (Жылдам әрекет ету күштері) жасаған жаппай жазалауларды көрсететін спутниктік суреттерді жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кадрларда адам денесіне ұқсас қара-қызыл дақтар анық көрініп, олардың қаза тапқан бейбіт тұрғындардың денелері болуы мүмкін екені айтылды.
Зерттеу авторларының мәліметінше, суреттерде СБР көліктері бейбіт тұрғындар жасырынған аймақтарда жүріп өткен. Дәл осы жерлерде кейіннен мәйіттерге ұқсас объектілер байқалған. Бұған дейінгі спутниктік суреттерде мұндай белгілер болмаған.
Мамандар бұл суреттерді Эль-Фашир қаласында СБР күштері жасаған жаппай жазалаудың айғағы ретінде қарастыруға болатынын мәлімдеді. Олар қала маңында зорлық-зомбылықтың күрт күшейіп, көптеген бейбіт тұрғынның қаза тапқанын растайды.
Судан аумағында 2023 жылдың сәуір айынан бері үкімет әскері мен СБР арасындағы қарулы қақтығыс жалғасып келеді. Бұл соғыс елдің көптеген өңірін, әсіресе Дарфур аймағын күйретті.
Эль-Фашир – Дарфур өңіріндегі ең ірі қала. Ұзаққа созылған шайқастардан кейін ол іс жүзінде СБР бақылауына өтті. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда СБР жасағының бейбіт тұрғындарды күштеп көшіруі және қолына қару ұстамаған адамдарды атқаны көрінеді.
Халықаралық сарапшылар Судандағы жағдайды «гуманитарлық апат» деп атап, бейбіт тұрғындарды қорғау және зорлық-зомбылықты тоқтату үшін шұғыл шара қабылдауға шақырды.