Янко Типсаревич Алматыда жас теннисшілерге шеберлік сағатын өткізді

30 Наурыз, 03:22 613

Әлемнің экс 8-ракеткасы Янко Типсаревич Алматы қаласында жас теннисшілермен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Сербия құрамында 2010 жылы Дэвис кубогының жеңімпазы атанған Янко Типсаревич Алматыдағы Gorky Tennis Park, ACE және ЦСКА теннис орталықтарында болды. Атақты теннисші шеберлік сағатынан кейін ата-аналар алдында Сербиядағы үздік ұйым – 2013 жылы құрылған өзінің академиясындағы бапкерлік жұмыстың қағидалары мен әдістемесі жөнінде әңгімелеп берді.

Янконың Қазақстанға келудегі басты мақсаты – осындағы жаттығу барысын көзбен көріп, еліміздегі теннистің дамуымен танысу.

Типсаревич пен оның командасы академиясында бай тәжірибеге, жаттығулардың кәсіби жүйесіне негізделген жоғары сапалы бағдарлама жасап шығарды. Бағдарлама бойынша қабілет деңгейіне қарамастан, ұлдар мен қыздарды теннис негіздеріне, стратегиясы мен тактикасына, ойын машықтарына үйретеді. Қазақстандағы үздік жас таланттардың бірі, жасөспірімдер арасында әлемнің 13-ракеткасы Әмір Омарханов Типсаревич академиясында жаттығады. 

Танымал теннисші 1-2 сәуірде Астанада болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: