Яндекс Браузерінде видеоны қазақшаға аудардық – «Яндекс» өкілі

2 Ақпан, 14:46 700

Жыл сайын өтетін Digital Almaty форумы аясында озық цифрлық жобалар көрмесінде цифрландыру саласындағы отандық жетістіктер ұсынылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Пленарлық сессия алдында көрмемен Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үкімет басшылары танысты.

Көрмеде 300-ден астам қазақстандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ GovTech, AgroTech, Индустрия 4.0, ESG, Smart City және т.б. сияқты цифрландыру салаларындағы мемлекеттік органдардың жобалары ұсынылған.

Үкімет басшыларына ҚР мемлекеттік ақпарат жүйелерінде бірыңғай стандарттардың сақталуын қамтамасыз ететін Qaztech платформасы және «таза парақтан» кәсіпкерлік қызметті реттеудің цифрлық негізі таныстырылды.

Сонымен қатар қонақтарға Алматы қаласының цифрлық сервистері, сондай-ақ тау-кен және металлургия кешенінде, өнеркәсіп пен энергетика секторында, оның ішінде мемлекеттік қолдау құралдары есебінен Индустрия 4.0 жобаларын енгізу нәтижелері көрсетілді.

Сонымен қатар көрмеде Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы таныстырылды. Бұл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру лицензияларын алу процесін жеңілдетуге әрі жеделдетуге мүмкіндік береді.

Заманауи геоақпараттық технологиялардың арқасында болашақ инвесторлар инфрақұрылымнан бастап аумақтың геологиялық есептеріне дейін сұралған учаске туралы толық мәлімет ала алады.

Мұнда ЭЦҚ-кілт көмегімен тиісті өтініш беруге болады.

«Яндекс» компаниясының өкілі Даниил Шулейко үкімет басшыларына Қазақстанда адамдар мен бизнес үшін 10-нан астам сервис жұмыс істейтінін айтты.

Біз өз қызметтерімізді барлығына қолжетімді етуге тырысамыз. 2023 жылы біз қазақ тіліндегі «Карта», мобильді браузерде және қосымшада қазақ тіліндегі «Алиса» сервисін жасап, Яндекс Браузерінде видеоны қазақшаға аударып, сондай-ақ іздеу қызметінде қазақ тілінде жылдам жауаптар әзірледік. Мұның бәрі ақпаратты қазақстандық пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, мемлекеттік тілдің таралуына ықпал етеді, — деді ол.

Оған қоса көрмеде Қазақстанда іске қосылған өнеркәсіптік роботтандыру бойынша Орталық Азиядағы бірінші құзыреттілік орталығының жұмысы таныстырылды.

Оның аясында қазақстандық және шетелдік университеттер мен IT-компаниялардың халықаралық консорциумы құрылды.

Орталықтың негізгі міндеттерінің қатарында – робототехника саласында зерттеулер жүргізу, тақырыптық стартаптарды жеделдету мен масштабтауда қолдау көрсету.

Digital Almaty форумында үздік қазақстандық IT-компаниялар мен стартаптар өз жобаларын таныстырды.

SmartView Innovations стартапының өкілі Рахат Оспанов қосынды арқылы бөліп шығару пайдалы компоненттерді өндірудің ең танымал әрі экономикалық тиімді әдістерінің бірі екенін айтты.

Дегенмен негізгі құрамдас бөлік – үйіндіні суарып, металды шығаратын вобблерлер (шашыратушылар) өте жиі бұзылады.

Бұл бизнесті үлкен шығынға әкеледі.

Біздің шешіміміз: дрон қосынды арқылы бөліп шығару процесін қайта-қайта айналып өтіп, видео жазады. Әрі қарай бұл видео компьютер арқылы өңделіп, арнайы үйретілген жасанды интеллект барлық ақауды және олардың орнын анықтайды. Бұл шешім алтын өндіруді 4%-ға, аппаратшылар жұмысының тиімділігін 60%-ға арттырып, жұмысшыларға қатты химиялық заттардың әсерін 80%-ға азайтты, — деді ол.

Сонымен қатар көрмеге қатысушылардың бірі, OST Engineering компаниясының бас директоры Виталий Остапчук өз жобасы туралы айтып берді.

Біз отандық автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелерін өндірумен айналысамыз. Жаңа Экологиялық кодекстің енгізілуін ескере отырып, ірі кәсіпорындар Үкімет пен халық нақты уақыт режимінде экологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін жүйелерді енгізуі керек. Біз 2020 жылы ашылып, қазіргі кезде үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Бізде атмосфералық ауаны, ластану көздеріндегі шығарындыларды және су төгінділерін бақылау жүйелері бар. Біздің жүйелер шетелдік баламалардан кем түспейді, — деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: