Ядролық қарусыз әлем және Қазақстан

29 Тамыз 2022, 10:28 7010

Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік

Әлем елдері жыл сайын 29 тамызда ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өтеді. Бұл күнді осыдан 13 жыл бұрын Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен еді. Ал бұған бастама көтеріп, әлем елдерін ядролық қарусыз әлем құруға шақырған Қазақстан мемлекеті болатын. Бұл елімізде 40 жылдан астам уақыт бойына ядролық сынақтар жасалған Семей ядролық полигонының жабылған күнімен сәйкес келеді. Яғни 1991 жылы 1 жарым миллионнан астам қазақтың өміріне қауіп төндірген Семей полигоны жабылған еді. Осылайша, еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік жаршысы ретінде бүкіл әлемге танылды.

Жыл сайын бұл күні ядролық сынақтардың адам нанғысыз зардаптарын әлем елдеріне, жер планетасының тұрғындарына еске түсіру және олардың болашақта қайта сыналуына жол бермеу үшін түрлі іс-шаралар өткізіледі. Біз де атаулы күн қарсаңында ядролық сынақтардың қазақ халқына әкелген зардабы, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы, Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолындағы саясаты, оған әлем елдерінде кімде қанша ядролық өару бар, бүгінге дейін қанша сынақ жасалғаны жөнінде материал дайындауды жөн көріп отырмыз.

Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты

2009 жылы желтоқсанда Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын қабылдады. Оған сәйкес 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жарияланған еді. Мұндай ұсыныс Отанымыз Қазақстан тарапынан жасалды. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, 29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылған күні.

Жалпы еліміздің ядролық қарусыз әлем құруға бастама көтергенін Кеңес үкіметі тұсында қазақ даласында жасалған ядролық сынақтардың салдарымен байланыстыруға болады.

Кеңес үкіметі1949 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонында атом бомбасының алғашқы сынағын өткізген болатын. Осы сәттен бастап 1989 жылға дейін полигонда 450-ден астам ядролық қару сынағы жүргізілді, соның салдарынан еліміздің шығыс бөлігінің бүкіл аумағы радиациялық ластануға ұшырады. Оның 116-сы әуе кеңістігінде жасалған. 4,5 мың шаршы шақырымнан астам аумақ радиоактивті изотоптармен ластанып, тұруға жарамсыз болып қалды. Оның салдарын айтып жеткізу мүмкін емес, жақын маңдағы ауылдардың көптеген тұрғыны түрлі аурулармен және сан алуан ауытқулармен дүниеге келді. Оған қоса оларда генетикалық жәнеқатерлі ісік аурулары жиі кездескен.

Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейін көп ұзамай бұрынғы президент Н.Назарбаев полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 1994 жылға қарай полигонда жұмыс істеп, ядролық сынақтарды жасаған Ресейдің соңғы әскери бөлімі Қазақстаннан кеткен еді.Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің шығыс өңірінде 40 жылдан астам уақыт бойы жасалған ядролық сынақтардың салдарынан 1 миллион 300 мыңға жуық адам зардап шеккен.

Жалпы алғанда, әлемдегі барлық ядролық жарылыстардың жартысына жуығы осы полигонда жасалған. Кейін мұндағы барлық зарядтың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп екені белгілі болды. Осының өзінен сол полигонда жылдар бойы жасалған сынақтар зардабының ауқымды екенін көріп отырмыз.

«Невада – Семей» антиядролық қозғалысының

1989 жылы ақын Олжас Сүлейменов аталған полигонды жабу үшін«Невада-Семей» қозғалысын құрғанын бәріміз білеміз.Белгілі жазушы әрі ақын Олжас Сүлейменов бүкіл әлем үкіметіне сөз арнап, оларды ядролық қаруға қарсы күресте бірлікке шақырды. Ол жоғарыда атап өткеніміздей, бейбіт өмірмен адам өміріне және қоршаған ортаға қауіп төндірген ядролық сынақтарға жаппай наразылық символына айналған «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының бастамашысы болды.

«Біз, Қазақстанның және Невада штатының тұрғындары, ядролық қаруды өндіру мен сынауды тоқтатуды талап етуге моральдық құқығымыз бар. Бүгінгі адамдардың денсаулығы, болашақ ұрпақ және жер бетіндегі тіршілік үшін біз ядролық сынақ полигондарын жабуды талап етеміз! Әскери мақсатта ядролық материалдарды шығаратын кәсіпорындарды қысқарту бойынша жұмысты бастауды талап етеміз!»,-деді ол өз сөзінде.

Кеңес Одағы мен Америка құрама штаттары арасындағы идеологиялық текетірес – қырғи-қабақ соғысы кезінде Олжас Сүлейменов әлемді біртұтас болуға, бейбітшілікке, ядролық қарусыз әлем құруға шақырып, «Жабайы дала» атты поэмасын жазған еді.

Қозғалыс пен қоғамдық қолдаудың нәтижесінде экс-президенттің жарлығымен 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылып, бірнеше жылдан кейін ел өз еркімен ядролық арсеналдан толық бас тартты. Десе де бүгінде аймақтағы экологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Полигонға жақын жерде тұратын адамдар 40 жыл пайдаланудың зардабын әлі де тартып келеді.

Ядролық қарусыз әлемдегі Қазақстанның орны

Алайда Семейдегі ядролық полигонның жабылуы ядролық қарусыз әлемге бастайтын ұзақ жолдың бастауы ғана еді. Әлем елдерін ядролық қарусыз бағытқа бағыттау ниетін басшылыққа ала отырып, Қазақстан ядролық қарудыпайдаланудың алдын алу үшін ұзақмерзімді стратегияны қолға алды. Біздің еліміз 1993 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялап, ядролық қаруды таратпау саласындағы барлық халықаралық шарттардың қатысушысы атанды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы АЭХА-не (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттің) мүше болып, елдің барлық ядролық нысандары осы ұйымның бақылауына өтті.

Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты әзірлеп, қабылдауға белсене қатысты және оған 1996 жылы 30 қыркүйекте алғашқылардың бірі болып қол қойды. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы қызметі жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Еліміздің бастамасымен Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан ядролық қаруды өндіруден, сатып алудан, сынақтан өткізуден және иеленуден бас тартты. Сөйтіп 2006 жылы қыркүйекте Семей қаласында Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ету туралы шартқа қол қойылды.

Қандай мемлекеттер ядролық сынақ жасады

Жалпы әлем елдеріндегі ядролық қару саясатына қайта оралсақ. 1945 жылдан бастап 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қою мүмкіндігі ашылғанға дейінгі елу жылдан астам уақыт ішінде бүкіл әлемде екі мыңнан астам ядролық сынақ жасалған еді.

Мәселен, Америка Құрама Штаттары 1945-1992 жылдары 1032 сынақ, Кеңес Одағы 1949-1990 жылдар аралығында 715 сынақ, Ұлыбритания 1952-1991 жылдары 45 сынақ, Франция 1960-1996 жылдар аралығында 210 сынақ, Қытай 1964-1996 жылдары 45 сынақ, Үндістан 1974 жылы бір сынақ өткізген.

Алайда 1996 жылы қыркүйек айында ЯСЖТШ-ға қол қою мүмкіндігі ашық болғанына қарамастан, шамамен 10 ядролық сынақ жасалған еді. Атап айтар болсақ, Үндістан 1998 жылы екі сынақ, Пәкістан 1998 жылы екі сынақ өткізді. Ал Корея Халық Демократиялық Республикасы 2006, 2009, 2013, 2016 және 2017 жылдары ЯСЖТШ белгілеген мораторийді бұза отырып, алты ядролық сынақ жүргізген еді.

Қай елдерде ядролық қару бар

2022 жылдың басында Америка ғалымдары федерациясы (FAS) тоғыз елдің иелігінде шамамен 12 700 ядролық оқтұмсық барын жария етті. Зерттеуге сәйкес, ядролық қарудың 90 пайызы Америка Құрама Штаттары мен Ресейге тиесілі екен. FAS мәліметтері бойынша, қай елде қанша оқтұмсыз бар екенін қарастырып көрейік.


Ресей мен АҚШ-тағы оқтұмсықтар саны 6 мыңға жуықтайды. Ал ең ел қатарында Солтүстік Корея тұр. Нақтырақ айтсақ:

- Ресей – 5977

- АҚШ – 5428

- Қытай – 350

- Франция – 290

- Ұлыбритания – 225

- Пәкістан – 165

- Үндістан – 160

- Израиль – 90

- Солтүстік Корея – 20

Жалпы еліміз үшін 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні – егемен Қазақстанның заманауи, өркениетті әлемдік қауымдастыққа жол ашқан тарихи дата десек артық айтқандық емес. Қазақстан өзінің қысқа мерзім ішінде өзін халықаралық қатынастардың бейбітшіл әрі жауапты субъектісі ретінде көрсете білді. Жалпы әлемді ядролық қарудан азат етуде Қазақстанның орны ерекше. Олай деуімізге себептеріміз де жетеді. Мәселен, Отанымыз ерікті түрде ғаламдағы ең үлкен ядролық қару арсеналынан бас тартты. Сонымен қосаСемей полигонын жабу арқылы әлемдегі өзге де ядролық сынақтар жасалған полигондардың да жабылуына әсер етті. Мәселен, нақытарақ айтсақ, Франциядағы Муруроа аралындағы, Қытайдағы Лобнор көлінің жанындағы, оған қоса Америка құрама штаттарындағы Невада штатындағы полигондарға сынақ жасауға тыйым салынды. Бұдан бөлек Семей полигонын жабу арқылы бізде қалған ядролық обьектілердіңқауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Осылайша, еліміз әлем үшін де игі істердің бастамашысына айналды деуге болады.

Назерке Мұратқызы

EL.KZ
Бөлісу: