Алматыда жазушы-драматург, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Ахметжан Аширидің үйғыр тілінде «Чарбағ» пьесалар жинағы жарық көрді.
Кітап жазушының 80 жылдық мерейтойына арналып, оған «Өлмәс болуп туғулғанлар», «Муқамчилар», «Дехан», «Идиқут», «Ялғуз ялпуз», «Чарбағ» және көпшіліктің жүрегінен жол тауып, Нұр-Сұлтан қаласында көрсетілген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған спектакльдері енгізілген.
Жинақта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің ізгі ниеттерін білдірген алғыс хаттары мен Қазақстанның көрнекті ақын-жазушыларының ыстық лебіздері жарияланған.
Сонымен қатар қаламы қарымды драматург Ахметжан Аширидің сахналанып жүрген спектакльдері жайында тұшымды пікір жазған өнер зерттеу ғылымының кандидаты Ахметжан Қадиров, филология ғылымдарының кандидаты Мурат Хамраев, жазушы Рабик Исмайилов және көптеген сыншылардың пікірі жинақтан орын алған.
Жазушылық еңбегі мәдени мұраға айналған Ахметжан Ақсопыұлының шығармалары екі елдің достығының көпірі тәрізді. Оқырманның жандүниесін рухани байытатын шығармаларының мазмұны терең, шынайылығымен тәнті етеді. Әр пьесалары сахнада көрсетуге лайықталып, көрермендердің оң бағасын алып жүргені тағы бар. Сонымен қатар жазушының шығармалары тек елімізде бағаланып қана қоймай, шетелде де жоғары деңгейде аталып жүр. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен «Идиқут» романы түрік тіліне аударылып, Еуразия жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан жарық көрді. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде сол кезде Қазақстанның Түркиядағы елшісі болған Жансейіт Түймебаев жазушыны Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың нығаюына қосқан үлесі үшін «Қазақстан-Түркия Достығы» медалімен марапаттаған еді.
Ал 2017 жылы Еуразия жазушылар қауымдастығы драматургия саласы бойынша ұйымдастырылған Қорқыт ата атындағы халықаралық байқауда 48 елдің ішінде Ахметжан Аширидің «Шарбақ» спектаклі бірінші орынды иеленді.
Кітап алдағы уақытта Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына тапсырылатын болады.
Оқи отырыңыздар:
ҰЙҒЫР ТЕАТРЫНЫҢ «АСТАНА» ДРАМАЛЫҚ СПЕКТАКЛІ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ КӨРСЕТІЛДІ
АХМЕТЖАН АШИРИДІҢ «АСТАНА» ПЬЕСАСЫ МЕРЕЙТОЙҒА ТАРТУ ЕТІЛДІ
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.