19.09.2025
11:36
663
Xiaomi 100 мыңнан астам SU7 электромобилін кері қайтарып жатыр

Xiaomi 100 мыңнан астам SU7 электромобилін кері қайтарып жатыр

Қытайдың Xiaomi маркасындағы SU7 электромобильдері нарықта біраз уақыттан бері жүр. Осы уақыт ішінде ақаулар да байқалған, ал соңғы анықталған мәселе – L2 деңгейіндегі автопилот жүйесіне қатысты. Бұл функция әдетте жоғары жылдамдықты тас жолдарда қолданылады. Қатені түзету үшін Xiaomi биылғы жылдың ақпаны мен тамызы аралығында шығарылған 116 887 SU7 базалық нұсқасына бағдарламалық жаңарту енгізбек, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

CarNewsChina хабарлауынша, жүйедегі бағдарламалық ақау жүргізушіге көмек көрсететін белсенді жүйенің «шектен тыс ерекше жол жағдайларында» дұрыс әрекет етпеуіне себеп болған. Сондықтан борттық бағдарламаны жаңарту қажет. Абырой болғанда, бұл қашықтан орындалады, яғни иелерінің фирмалық сервиске баруының қажеті жоқ. Жаңарту тегін жүргізіледі. Бұл – SU7 моделі шыққалы бері жасалып отырған екінші кері қайтару шарасы.

Xiaomi бағдарламалық жаңартуды осы жұмада тарата бастайды. Алайда сарапшылар автоконцерннің шешіміне биыл наурызда Қытайда болған қайғылы жағдай әсер етті деген болжам жасап отыр. Сол кезде дәл осындай седан жол апатына ұшырап, үш студент қыз қаза тапқан еді. Олар шоссе бойымен 100 км/сағ астам жылдамдықпен автопилот режимінде келе жатқан. Көлік жүйесі жөндеу жұмыстарына байланысты жолға қойылған бетон блоктарды уақытылы байқап, жүргізушіге басқаруды өз қолына алуды ұсынған. Өкінішке қарай, жүргізуші тым кеш әрекет етіп, соның салдарынан көлік бөгетке соғылып, өртеніп кетті. Салонда болған үш қыздың барлығы қаза тапты.