Германияның ірі автоконцерні Volkswagen алдағы жылдары шығынын едәуір қысқартуды көздеп отыр. Немістің Manager Magazin басылымының мәліметінше, компания 2028 жылға дейін жалпы шығынды 20 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.
Бұл жоспар Берлинде өткен топ-менеджерлердің жабық отырысында таныстырылған. Жиында Volkswagen бас директоры Оливер Блуме мен қаржы директоры Арно Антлиц баяндама жасаған.
Шығынды қысқарту концерн құрамындағы барлық брендке қатысты болмақ. Қазіргі таңда Volkswagen тобына VW, Audi, Porsche, Skoda, Cupra (бұрынғы Seat) және Bentley маркалары кіреді. Басылым дерегінше, үнемдеу шаралары тағы бір автозауыттың жабылуына алып келуі мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Дрездендегі зауыт та жабылған
Айта кетейік, 2025 жылы Volkswagen 88 жылдық тарихында алғаш рет Германиядағы автозауытын жапқан. Бұл – Дрезден қаласындағы кәсіпорын. Мұнда әуелі өкілдік санаттағы Volkswagen Phaeton седандары, кейінірек ID.3 электромобильдері шығарылған еді.
Қытайда да осыған ұқсас жағдай
Бұған дейін Volkswagen Group өз тарихында тұңғыш рет Қытайдағы зауытын жабу туралы шешім қабылдаған болатын. Қазір өндіріс толық тоқтатылып, нысан жылдың екінші жартысында ресми түрде жабылады. Әңгіме Volkswagen мен Қытайдың SAIC автокомпаниясы арасындағы бірлескен кәсіпорын жайлы болып отыр.
Аталған зауыт 2008 жылы Нанкин қаласында іске қосылған және жылына 360 мыңға дейін көлік шығаруға қауқарлы болған. Алайда соңғы жылдары кәсіпорын тек жартылай қуатпен жұмыс істеп, негізінен Passat пен Skoda Superb модельдерін құрастырған.
Зауытты жабудың басты себебі – логистикалық қиындықтар. Кәсіпорын қаланың орталығына жақын орналасқан өнеркәсіптік аймақта тұрғандықтан, оны жаңғырту күрделі әрі қымбатқа түседі. Әсіресе электромобильдер өндірісіне бейімдеу тиімсіз деп танылған. Осыған байланысты зауытты тоқтатып, нысанды қалалық әкімдік балансына беру туралы шешім қабылданған. Өндіріс көршілес Ичжэнь қаласындағы басқа зауытқа көшіріледі.
Volkswagen 2022 жылы Шанхай маңындағы зауытқа қатысты да осыған ұқсас шешім қабылдаған, алайда ол кезде кәсіпорын толық жабылмаған еді.
Зауыт көліктерін кері қайтарды
Сонымен қатар жыл басында Volkswagen концернінің Солтүстік Америкадағы бөлімшесі АҚШ-та 356 649 көлікті кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, мәселе артқы көрініс камерасының бағдарламалық қамтамасыз етуіндегі ақауға байланысты туындаған. Аталған кемшілік камерадан бейненің дұрыс көрсетілмеуіне себеп болуы мүмкін. Кері шақырту науқаны 2019-2026 жылдар аралығында шығарылған бірқатар модельді қамтиды. Компания дилерлері бағдарламалық жасақтаманы тегін жаңартып береді.