Жыл қорытындысы бойынша беделді Vogue сән журналы дәстүрлі түрде ең стильді тұлғалардың тізімін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Басылым рейтинг жаамай, шамамен 50 адамды «жылдың басты сәнқойы» қатарына енгізді.
Vogue редакциясы бұл тізімді жасаудағы ұстанымын былай деп түсіндіреді:
«Кімнің образы бәрінен сәнді болды?» деген сұрақты біз өзімізге әрбір қызыл кілемнен кейін қоямыз. Ал жыл соңында осы сұраққа нақтырақ жауап бергіміз келді.
Журнал биыл стилі ерекше көзге түсіп, көпшіліктің қызу талқысына түскен тұлғаларды жинақтаған. Олардың қатарында Голливуд жұлдыздары Тимоти Шаламе («Дюна», «Вонка»), Джереми Стронг («Мұрагерлер»), Зои Кравиц («Дивергент», «Меломанка»), Дженнифер Лоуренс («Аштық ойындары», «Жолаушылар») бар. Сонымен қатар тізімге рэперлер Bad Bunny, A$AP Rocky (Рианнамен бірге), испаниялық әнші Розалия және өзге де ондаған танымал жұлдыз енген. Авторлар әр тұлғаның өзіндік стиліне жеке тоқталып, жыл ішіндегі ең сәтті образдарын сипаттайды.
Тимоти Шаламе
Джереми Стронг
Зои Кравиц
Дженнифер Лоуренс
A$AP Rocky
Голливуд элитасымен қатар, Vogue әдеттен тыс есімдерді де атап өтті. Солардың бірі – бойы 170 см-ге жетпейтін plus-size модель Палома Эльзессер. Ол өз-өзіне деген сенімі арқылы сұлулық стандарттарын батыл түрде қайта жазуға болатынын дәлелдеді.
Палома Эльзессер
Тізімге сондай-ақ оңтүстіккореялық әнші әрі рэпер G-Dragon енді.
Ол – 2025 жыл қорытындысына енген жалғыз кей-поп жұлдызы. Сонымен қатар атақты теннисші Винус Уильямс пен Рим папасы Лев XIV те Vogue таңдауының қатарынан табылды. Понтифик сәнді салтанатты киімдерге мән бергені үшін журналдың назарына іліккен. Ол жаңа қызметіндегі алғашқы күнінде Әулие Петр қақпасының балконына алтын кестемен көмкерілген қызыл атлас моццетта киіп шыққан еді.