Владимир Божко: Қазақ тілін үйрету жұмысын күшейтуіміз керек

14 Маусым 2019, 12:20 3163
Қазақстан халқы Ассамблеяның жұмысына қазақ зиялыларын, қазақ жастарын тартуымыз керек. Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко осылай айтты. 


«Біз Ассамблеяның жұмысына қазақ зиялыларын, қазақ жастарын тартуымыз керек. Бірлік пен келісімді ту етіп келеміз. Құраушы ұлт (қазақтың - авт.) екенін дұрыс түсініп отырмыз. Соңғы оқиғаларды сараптай отырып, жастарды, қазақ зиялыларын белсенді түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына жұмылдыруға тиіспіз. «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген мықты азаматтар баршылық. Жетістікке жеткен азаматтарды ассамблеяның жұмысына араластыру керек», - деді ол ҚР Президенті ұлықтау рәсімінде айтылған бастамаларды талқылауға арналған ҚХА кеңесінің отырысында. 

Сонымен бірге, Владимир Божко қазақ тілін үйретуді тереңдету қажеттігін атап өтті. «Біз қазақ тілін үйрету жұмысын күшейтуіміз керек. Әсіресе, жастар арасында. Қазақ тілін білетін жастар флагман, үлгі болып, осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Біздің бәріміз қазақ тілінің әлеуметтік, экономикалық лифтке айналғанын түсінуіміз керек», - деді Владимир Божко. 

Еске сала кетсек, аталмыш отырыста ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтылған баяндамасына бағдарламалық сипат беріп, ассамблея қандай бағытта жұмыс жүргізетінін айтқан болатын.

orm.kz

Бөлісу: