Вице-министр шаруалардың уәжіне қатысты нақты жауап беруден неге қашты?

19 Қазан 2023, 11:31 1005

Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының күнбағыс өсіретін шаруалары экспорттық бажды төмендету жөнінде шағымдарын айтуда. Салдарынан шаруалар келесі жылдан бастап күнбағыс өсіруді қоямыз деп отыр. Шаруалардың уәжіне Сауда және интеграция министрлігінің ұстанымы қандай екенін Сенат кулуарында тілшілер сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Күнбағыс баждарын алып тастау немесе оны қою мәселесінің негізгі бастаушысы Ауыл шаруашылығы министрлігі болып табылады. Дегенмен осы бажды қойғаннан бері Қазақстанның май экспорты 60 пайызға күрт өсіп кетті. Сол себепті бұл өндірісті дамыту және өндірілген экспортты ұлғайту. Сондықтан осы бажды қойған салдарынан біздің зауыттар май өндіріп, оны көбірек экспортқа шығара бастады. Бұл мәселе тағы қарастырылатын болады. Шешімді жұмыс тобы қабылдайды, – деді сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Вице-министр келесі жылы күнбағыстың өсу не өспеуіне қатысты мәселемен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысатынын, олар жұмыс тобының құрамында екенін айтып, нақты жауап беруден қашқақтады. Сонан соң екі жақты да қолдайтынын тілге тиек етті.

Біз екі жақты да қолдаймыз. Май экспорты 60 пайызға өсті. Бұл жақсы ма, жаман ба, айтыңызшы? Бұл жердегі ең негізгі мәселе – отандық экспорттаушы және өндіруші компаниялармен Қазақстанда күнбағыс өсіретін компаниялардың қарым-қатынасын бір-бірімен дұрыстау керек, – деді вице-министр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: