VIII.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

31 Наурыз 2014, 10:25

Жыраулардың негізгі қаһармандары – ел, ел билеген хандар және қол бастаған батырлар.

Қазақ жыраулар поэзиясының хандық дәуірдегі ел өмірінің көркем бейнесі болып табылатынын дәйектейтін сипаттардың бірі – жыр-толғаулардың кейіпкерлері мен қаһармандары. Жыраулардың негізгі қаһармандары – ел, ел билеген хандар және қол бастаған батырлар. Хандар мен батырлардың жыраулар поэзиясында маңызды орын иеленуі де замана тынысымен тікелей байланысты. Ел ішіндегі береке мен жердің бүтіндігіне алаң жыраулар елге тұтқа тұлғалардың ұсақ-ұлаң кемшіліктерінің өзі ел тағдырында зор маңыз алатынын анық түсінетіндіктен, өз қаһармандарының жақсы әрекеттерін халыққа өнеге ете, асқақтата жырласа, көңілге кірбің түсіретін мінездерін аяусыз сынайды және мұндай шығармашылық мінез:

«Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Елеуреп неге сөйлейсің?!» –

деп айбындана сөйлейтін Асан қайғыдан бастап, бір сәт астамшылыққа бой алдырған ханды:

«Ай, Абылай, Абылай,

Сен мен көргенде Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет патшаға 

Қызметкер болып тұр едің...» –

деп сабасына түсіретін Бұқар жырауға дейінгі аралықта бұлжымас дәстүрге айналған тағылымды жол сияқты көрінеді.

Жыраулар поэзиясы өз дәуіріндегі ел өмірінің көркем бейнесі болып табылатынын жыр-толғауларда суреттелетін кейіпкерлер мен қаһармандардың іс-әрекеттері, мінез-құлықтары да айқын танытады. Мәселен, ХV ғасырдағы Асан қайғының:

«...Арасынан қытай, орыстың Қорған сап, тыныш жатырсың,

Өзің – Жәнібек, елден асқан батырсың! Тіл алсаң, іздеп қоныс көр, Желмай мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір...» –

деп келетін толғау жолдарынан өз батырлығына сенген Жәнібек ханның қытай мен орыстан төнуі ықтимал қатерді аңдамай, бір сәт қамсыздыққа бой алдырғанын, оның бұл қылығы ел көңіліне алаң кіргізгенін көрсек, ХVІІ ғасырдағы Жиембет жырлары Есім хан тұсында ел арасында берік тәртіп орныққанын аңдатады. Ал Ақтамберді, Үмбетей, Бұқарлардың жыр-толғауларынан ХVІІІ ғасырдағы ел өмірінің түрлі көріністерімен қатар, жекелеген адамдардың ұнамды-ұнамсыз іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын көреміз және сол әрекеттердің арғы астарына дендей көз салар болсақ, ел тірлігіндегі жақсылы-жаманды оқиғаларды, әртүрлі әлеуметтік қарым-қатынастарды аңғарамыз.

Ал жыраулар поэзиясында ел өмірінің алуан мазмұнда көрініс табуы және солардың бәрінде береке-бірлікті ұлағат етуге бағдар ұсталуы – жыраулардың өз дәуіріндегі өмір шындығын алға тарта отырып, елді жақсылыққа бастауды мақсат тұтқан және сол мақсат жолында қызмет қылған қайраткер тұлғалар болғандығының айқын айғағы.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Жыраулар поэзиясы неліктен тарихи-мәдени құбылыс саналады?
  2. Хандық дәуірге дейінгі жыраулар поэзиясының қазақ ұлтын ұйыстырудағы маңызы қандай?
  3. Жыраулар поэзиясын ұлт қалыптасуының көрінісі ретінде тануға қандай себептер бар?
  4. Жыраулар поэзиясындағы романтикалық және реалистік әдістердің тоғыса көрінуі себептері неліктен?
  5. Жыраулар поэзиясының негізгі мазмұны мен қаһарман­дары, олардың идеялық маңызы.

Әдебиеттер:

  1. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы, 1986.
  2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,1994.
  3. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы, 1991.
  4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
  5. Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. – Алматы, 1974.
  6. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. – Алматы, 1982.
Бөлісу: