Ван Дамм «Жыртқышқа» неге түскен жоқ?

22 Тамыз 2017, 21:21 1800

Голливуд құпиялары

Культқа айналған «Жыртқыш» («Predator») фантастикалық боевигінің жарық көргеніне биыл 30 жыл. Фильмдегі басты антагонист – бөгдепланеталық тіршілік иесін Жан-Клод Ван Дамм ойнауы тиіс болатын. Ван Даммның төбелеске бейімдігі Жыртқышты жылдам, икемді етіп көрсетуге септігін тигізер еді. Алайда бұл идея іске аспады, оның орнын басқа актер басты.

Ван Дамм осы жобадан неге кетіп қалды деген сұрақ әлі де маңызын жоғалтқан жоқ. Бұған қатысты айтылып жүрген себептер әр түрлі.

Фотода: актерлер - Карл Уэзерс пен Жан-Клод Ван Дамм, "Жыртқыш" фильмінің түсіріліміФотосурет құқығы: 20th Century Fox

The Hollywood Reporter басылымы картинаның 30 жылдығына орай «Жыртқыш» түсіріліміне қатысқан біраз адаммен сұхбаттасып, фильм туралы үлкен материал жариялапты. Оның ішінде Ван Даммның жыры да сөз болыпты. Бір қызығы сол, танымал актердің жобадан шығып қалуына қатысты сұхбаттасқан адамдардың нұсқалары бір-біріне ұқсамайды. Беларусь блогері Кирилл Размыслович (kiri2ll.livejournal.com) материалдың осы тұстарын бөліп алып, көрерменіне ұсыныпты. Біз соны қазақшалап баяндап береміз.

Джеки Берч (кастинг-директор):

Жан-Клод Ван Дамм менің офисымның табалдырығын тоздырумен болды, секіріп, өзінің не істей алатынын көрсету арқылы жұмыс сұрады. Ол ешкім емес еді. Онда ешқандай рөл болған жоқ. Ақыры мен Джоэл Сильверге айттым: «Ол Жыртқыш рөлінде тамаша көрінеді, өйткені ол сияқты қимылдайтын адам жоқ». Шынымды айтып тұрмын, ол тамаша адам. Ол тіпті өзінің жиһазын менің гаражыма кіргізіп қойды! Алайда ұзаққа созылмады. Мен оның түсірілім кезінде шағымданумен болғанын және оны шығарып жібергенін естідім. Сосын ол келіп, менің гаражымнан өз заттарын алып кетті. Мен оны келесі кездестірген кезде оған әр фильм үшін 5 миллион доллардан төлейтін еді.

Крейг Бэксли (екінші түсірілім тобының режиссері):

Бірде Джоэл Сильвер екеуміз отелдің дәлізінде келе жаттық, бізге Ван Дамм өзінің көмекшісімен бірге қарсы келе жатты. Ван Дамм келді де сұрады: «Сіз бе Джоэл Сильвер?». Ол жауап берді. Осыдан кейін ол: «Мынаны қараңыз!» - деп айқайлап жіберді де секіріп жіберді. Құдай куә, ауада сплит жасағанда оның шабы менің көзімнің деңгейіне жетті – ал менің бойым 6 фут болады. Ол мақұлықты сомдайтын болды және Boss деген компания оның дизайнын әзірледі. Оның басы құмырсқанікіндей еді, ал оған кеткен шығын қомақты болды. Олар Ван Даммды алып, оның басына кигізді. Ол ашуланып кетті де, 20 мың долларға жасалған басты жерге атып ұрып сындырды. Джоэл айқайлап жіберді: «Не істедің!», сосын Жан-Клодқа: «Енді сен ешқашан Голливудта істемейтін боласың! Менің түсіру алаңымнан тайып тұр!». Сонымен бітті.

Джон Дэвис (продюсер):

Бастапқыда ол Жыртқышты сомдады, бірақ кейін Жыртқыштың бойы бес жарым фут болмауы керек екенін түсіндік. Ол одан да биік болу керек еді.

Ричард Чавес (актер, Пончо рөлінде ойнаушы):

Бірде маған номерге Джоэл Сильвер қоңырау шалды. Мен, ол және Ван Дамм бірден ортақ тіл таптық, мен тіпті оның Жыртқыш рөлінде керемет шығатынын ойлап та қойып едім. Бірақ Ван Дамм оның беті кадрда көрінгенін қалады. Ал Джоэл былай деді: «Төмен түсіп, онымен сөйлесші, ол келімсекті ойнайтынын, сондықтан костюм кию керек екенін түсіндірші!». Мен төмен түсіп, ол костюммен жүру керек екенін түсіндіремін деп екі сағатымды жоғалттым. «Бәрі бұл костюмнің ішінде Жан-Клод болатынын білетін болады, өйткені басқа ешкім бұлай қимылдай алмайды». Мен оны сендіруге тырыстым, алайда сөзім оған жетпеді. Кейін оны ақыры көндірді, Ван Дамм костюмді киді және бір дубль түсірді. Алайда Fox-тың адамдары шыққан материалды қарап, оны жек көріп кетті, Жыртқыш тышқанға ұқсаған деді – шыныммен да солай болып шығып еді. Бұл жаңалық Джоэлге жеткен соң, ол Ван Даммды босатты.

Билл Дьюк (актер, Мак рөлін орындаушы):

Мен білсем, оның денесіне постпродакшн кезінде арнайы эффектілер қолданбақшы болды. Ол үшін актер бүкіл денесін бүркеп тұратын костюм киюі керек. Ал түсірілім кезінде 30-40 градус ыстық болды, Ван Дамм сусыздану кесірінен екі рет есінен танып қалды. Сол кезде Джоэл келіп: «Жан, мына жер ыстық, оны түсінемін, бірақ біз уақытты босқа жоғалтып жатырмыз. Егер тағы бір рет есіңнен таңсаң, сені жұмыстан шығарамыз», - деді. Жан: «Мен әдейі жасаған жоқпын!» - деп айтты, бұған Джоэл былай жауап берді: «Досым, бұл бизнес. Көңіліңе алма». Сонымен екі апта өтті, Ван Дамм ағаштардың арасында арқанға ілініп тұрып тағы есінен танып қалды. Джоэл оған келді де: «Сен жұмыстан шығарылдың!» деді.

Джоэл Хайнек (арнайы эффектілер маманы):
Джоэл Сильвер Ван Даммды әңгімелесуге шақырған кезде мен оның трейлерінде едім. Ол трейлерге кірген кезде Джоэл бірден оны сөге бастады: «Кикбокстауыңды доғар (өйткені Ван Дамм тек осылай жасағысы келіп еді). Түсінші, Жыртқыш кикбоксшы емес қой». Ал Ван Дамм: «Мен солай жасауым керек, себебі Жыртқышты мен дәл сондай деп көремін», - деді. Джоэл айтты: «Ендеше сен боссың. Бұл жерден кет». Ван Дамм: «Менің құйрығымнан сүй!» - деді де шығып кетті. Оқиға осымен тәмам.

Көріп тұрғандарыңыздай, әркімнің айтқаны әр түрлі. Шындық осы айтылғандардың төңірегінде болу керек. Ал режиссер Джон Мактирнанның Ван Даммға қатысты айтқаны мүлдем басқа: «Біз онымен ештеңе түсірген жоқпыз. Бәрін бүлдірген оның агенті. Ол актерді фильм туралы ештеңе білмей жатып орналастырып жіберуге тырысты. Орынсыз жайт болды. Тіптен орынсыз».

Бөлісу: