Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.
Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы.
Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.