V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қалай жүріп жатыр

8 Қаңтар, 23:14 1056

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Ұлттық спорт қауымдастығының, Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекциясының басшылығы және Ұлттық спорт федерацияларының президенттері атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.

Ермек Маржықпаев айтулы іс-шараны абыроймен өткізу басты міндет екеніне тоқталды.

Ойындардың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз қажет. Бүгінге дейін қандай іс-шаралар атқарылды, алда қандай міндеттер тұр, сонымен қатар қандай мәселелер бар екенін анықтауымыз қажет. Ойындарға дайындық жағдайына келер болсақ, әзірге іс-шаралар жоспар бойынша жүргізілуде. Ұлттық спорт түрлерінен құрама командалардың дайындығы жоғары деңгейде өтуі керек. Сонымен қатар спортшыларға сапалы жағдай жасап, қаржы мәселелері толық шешілуі тиіс, - деді министр.

Дүбірлі дода аясында Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен өкілдер келеді деген жоспар бар. Ал ойындарда 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі еніп, 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Аламан ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: