«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2022» республикалық байқауына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 қарашадан басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі (кемінде 5 жыл), оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс.
Байқаудың мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындары оқытушыларын кәсіби тұрғыда одан әрі дамуға ынталандыру болып табылады.
Конкурс 2 кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, алдымен жоғары оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар ақпараттық жүйе арқылы электрондық форматта қабылданады. Бұл конкурстың ашық өтуін қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, конкурс жеңімпаздары 6 миллион теңгеден астам сыйақы алады.