09.02.2026
18:04
735
«Ұйқысыз түндер, ішкі арпалыс пен көз жасы»: ерекше балалардың ата-анасын демейтін фильм

«Ұйқысыз түндер, ішкі арпалыс пен көз жасы»: ерекше балалардың ата-анасын демейтін фильм

Елімізде күн санап ерекше балаларға қатысты ақпарат беретін ресурс көбейіп жатыр. Ақпараттандырудың бір түрі – кино. Бүгін осы тақырыпқа қатысты Фариза Танайдың «Әдемі» фильмінің тұсаукесері өтті. Жақында белгілі актриса Айнұр Ілиясованың «Шексіз ата-ана» фильмі жарыққа шығады.  Оған қоса, Орталық Азиядағы ерекше балалары бар отбасына арналған алғашқы Impact Voices порталы ашылды.

Ерекше баланың ата-анасына қолдау

«Әдемі» деректі фильмінің ұзақтығы – 38 минут.

Фильмде екі баланың анасы, режиссер Фариза Танайдың жеке хикаясы баяндалады. Кейіпкердің қызына диагноз қойылып, ол шешімін табу үшін Ташкентке аттанады. Осы сапардан әуелде қорыққанымен, артынша тағдырын қабылдауды, ішкі қуатын еселеуді үйренеді.

Әдемі» – аяушылық тудыратын фильм емес. Үміті үзілсе де, ана махаббатының қуаты қаншалықты екенін көрсетеді. Фильм  қорқыныш, ұйқысыз түндер, ішкі арпалыс пен көз жастың арасында қабылдауға мәжбүр болған тағдырды бейнелейді.  Қабылдау арқылы батыл шешімге келіп, нық қадам жасауға болатынын түсіндіреді. Бұл туынды инклюзия мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау құралына айналды, – дейді автор.

Әлеуметтік деректі фильм

Ақпандағы тағы бір туындының аты – «Шексіз ата-ана». Әрине, атауы калька аударма болғанымен, затында ой саларлық дүние бар. Актриса Айнұр Ильясованың «Шексіз ата-ана/ Родители без границ» атауымен подкаст жүргізгенін білеміз. 13 ақпаннан бастап әлеуметтік деректі фильм  көрерменге жол тартады.

 «Шексіз ата-ана» деректі фильмі жүктіліктен бастап, баланың мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі кезеңдегі түрлі мәселелерді қамтиды.  Мысалы, жүктілік кезінде мемлекет тарапынан қандай медициналық көмек қарастырылған, жүкті әйел қандай міндетті тексерістен өту керек, еліміздегі ақылы және ақысыз перзентханалар жүйесі қалай жұмыс істейді, босанудағы әйел құқығы, әрбір әйел жүктілікке қатысты және босанғаннан кейін қандай жәрдемақыдан үмітті, бала тәрбиесіне қатысты қазақы дәстүрлер, босанғаннан кейінгі күтім мен күйзеліс, балабақшаны таңдау және орналастыру мәселесі, жалғызбасты аналарға көмек, баланы мектепке орналастыру сияқты өзекті тақырып қозғалады.

Фильмде жүкті әйелдер мен жас аналардың шынайы оқиғалары, олардың үміті мен қорқынышы, босануға дайындық барысы мен алғашқы аналық сезімнің қуанышы көрініс табады. Спикерлер арасында медицина, заң  саласының кәсіби мамандарынан бөлек, өнер өкілдерін де көруге болады.  

Мәселен, Камила Саян, блогер әрі тележүргізуші  босанғаннан кейінгі күйзеліс пен аналық тәжірибесі туралы ашық айтады. Ал актриса Гүлнар Сильбаева мерзімі жетпей туған нәрестесінің күтіміне қатысты қиындығы мен қоғамдағы шешімін таппай тұрған мәселелер жайлы сөз етеді.

«Шексіз ата-ана»  – бұл тек деректі жоба емес, өмірдің өзінен алынған сабақ. Ол қоғамға аналық пен әкелік жауапкершіліктің шексіз екенін, әр баланың өмірге келуі  бір ғажайып екенін, маңызды қадам екенінеске салады. Бұл фильм – жүректен шыққан шынайы үн, – дейді Айнұр Ілиясова.

Impact Voices жобасы

Жоба авторларының айтуынша, халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, Орталық Азияда мыңдаған отбасы жүйелі ақпарат таба алмайды, алгоритм тәртібін білмейді.

Порталда:  

  • Орталық Азияның 4 еліндегі 100-ден астам тексерілген ҮЕҰ, орталықтар мен қызметтер каталогы;
  • Қабылдау жолынан өткен аналар мен әкелердің өмірлік оқиғалары;
  • Диагноз қойылған сәттен бастап құқықтық көмекке дейінгі практикалық нұсқаулықтар мен ресурстар;
  • Қолдау қауымдастығы: мәселелер картасы, еріктілер желісі, іс-шаралар;

Жоба жекелеген көмектен тұрақты қолдау инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жүйелі өзгерістерді көздейді.