Бүгінгі таңда ұялы телефон – баланың қолынан түспейтін құралға айналды. Қалада да, ауылда да мектеп оқушылары смартфонмен қатар өмір сүруде. Бұл – замана талабы десек те, оның бала денсаулығына, әсіресе ми дамуына әсерін елемеуге болмайды.
Себебі баланың миы өте нәзік, әрі қарқынды дамып жатқан жүйе. Ал смартфон – күшті ақпарат тасымалдаушы ғана емес, сонымен қатар миға үнемі тікелей ықпал ететін құрал. Бұл мақалада біз ұялы телефонның бала миына әсерін ғылыми деректермен, сарапшылар пікірімен және нақты мысалдармен қарастырамыз.
Ми дамуы мен смартфон арасындағы байланыс
Бала миы шамамен 25 жасқа дейін жетіледі. Ал мектепке дейінгі және бастауыш сынып кезеңі – танымдық функциялар, есте сақтау, зейін, тіл, шығармашылық қабілеттер дамитын ең маңызды шақ. Осы кезеңде баланың миы ортадан келген ақпаратты сүзгіден өткізбей қабылдай береді. Сол себепті күн сайын экран алдында ұзақ уақыт отыру мидың табиғи даму ырғағына кедергі келтіруі мүмкін.
2019 жылы АҚШ-тың Денсаулық сақтау ұлттық институты жүргізген зерттеу нәтижесінде, күніне 7 сағаттан артық экран қолданған балалардың миында сұр заттың жұқаруы байқалған. Бұл – когнитивті функциялардың төмендеу белгісі.
Зейін мен есте сақтау қабілетінің әлсіреуі
Ұялы телефон баланың зейінін шашыратады. Қазірдің өзінде мұғалімдер сабаққа назар аудармайтын, тез жалығатын, тапсырманы соңына дейін орындай алмайтын балалардың көбейгенін айтып дабыл қағуда. Бұның бір себебі – үнемі экранға телміріп, секунд сайын жаңарып тұратын визуалды ақпарат легі.
Мәселен, 8 жастағы бала күніне 3-4 сағат YouTube көреді делік. Тіпті ол сабақта отырғанда да бар ойы үнемі телефонға ауып тұрады. Бұл – бейнеконтентке тәуелді болудың алғашқы белгілері. Бала нақты тапсырмаға зейін қоюды қиынсына бастайды.
Ұйқының бұзылуы
Смартфоннан бөлінетін көк жарық (blue light) – мелатонин гормонының бөлінуін тежейді. Бұл гормон ұйқыны реттейді. Егер бала ұйықтар алдында телефон қолданса, ми тынығуға дайын болмай қалады. Ұйқы сапасының төмендеуі баланың есте сақтау, көңіл-күй және оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді.
Harvard Medical School мәліметінше, ұйықтар алдында экранға 1 сағат қараған адамның ұйқыға кетуі 45 минутқа дейін кешігіп, терең ұйқы кезеңі 20%-ға қысқарады.
Ми құрылымына әсері
Ұялы телефон радиотолқындар арқылы жұмыс істейді. Әрине, олардың қуаты төмен, алайда ұзақ уақыт бойы үнемі құлаққа жақын ұстау – биологиялық тіндерге әсер етуі мүмкін. Баланың бас сүйегі ересектерге қарағанда жұқа, миы көп су сақтайды, сондықтан радиотолқындарды көбірек сіңіреді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефондардан бөлінетін радиожиілікті «қатерлі болуы мүмкін» категориясына енгізген.
Тәуелділік пен психологиялық әсер
Ұялы телефон тек ақпарат көзі емес, эмоциялық ләззат көзіне айналды. Like алу, ойыннан ұпай жинау, бейнеконтент көру – мидың дофамин деңгейін көтереді. Бұл нейрохимиялық әсер баланы нақты өмірдегі ынталандырулардан алыстатады. Яғни, бала кітап оқудан, шынайы достықтан, шығармашылық жұмыстан ләззат алмайды.
Психологтар мұны «цифрлы допинг» деп атайды. Бұл – дофаминнің тез әрі жиі бөлінуіне үйренген мидың жаңа ынталандырусыз тез жалығуы мен күйзеліске түсуін білдіреді.
Балаға смартфонды қалай қолдандырған дұрыс?
Жағдай күрделі болғанымен, толық тыйым салу – мәселені шешпейді. Мақсат – баланы технологияны саналы қолдануға үйрету.
Ол үшін мына ұсыныстарды ескере жүргеніңіз дұрыс:
Қортындылай айтқанда, ұялы телефон – бүгінгі заманның қажеттілігі. Бірақ ол бала миының дамуына зиян келтірмей, керісінше көмекші құрал болу үшін ата-ана тарапынан бақылау мен бағыт керек. Себебі санасы енді қалыптасып келе жатқан баланың миы ақпарат пен эмоция ағынын сүзгіден өткізуге қауқарсыз. Бала болашағы – тек білімде емес, сол білімді қабылдайтын мидың саулығында.
Сондықтан буыны қатып, бұғанасы бекімеген бала үшін негізгі таңдауды смартфон емес, ата-ана таңдау керек. Сіз балаңыздың экранға қарап өскенін қалайсыз ба, әлде көк аспанға, кітапқа, шынайы өмірге қарап өссін бе?
Айта кетейік, бұған дейін де балалардың әлеуметтік желіні қолдануына шектеу қою туралы мамандардың кеңесін жариялаған едік.