Үй жанындағы дүкендер кооперациясы құрылады – министр

25 Желтоқсан 2023, 11:03 713

Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Мәжілістегі Үкімет сағатында кооперативтік және үй жанындағы дүкендер кооперациясын құру жоспарланып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта барлық сауда объектілері зерттеліп жатыр. Зерттелген ақпарат сауда объектілерінің интерактивті цифрлық картасында көрсетіледі.

Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау үшін әкімдіктермен бірлесіп сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің облыстық нормативтерін (санэпид шарттары, өрт қауіпсіздігі және т.б.) қабылдаймыз. Әртүрлі сауда-саттық – бұл өндірушінің қолжетімділігі үшін жәрмеңкелер, көше саудасы, жеткізу саудасы, көрмелер, «үй жанындағы» дүкендер сияқты көп форматты сауда-саттықты дамытуға ерекше назар аударылатын болады, - деді Шакқалиев.

Сауда және интеграция министрі бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп ұлттық стандарттар (қоғамдық тамақтануға арналған сипаттамалар) әзірленетінін және франшиза элементтері енгізілетінін атап өтті.

Біз кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатырмыз. Бұл шағын дүкендерге бірлескен көтерме сатып алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Болашақта біз оларды ауыл шаруашылығының өнімді сақтау, іріктеу сияқты орталықтарымен байланыстырамыз, бұл өнімдеріміздің ішкі нарығын молайтуға жақсы әсер етеді, - деді министр.

Миражан Махан
Бөлісу: