Ұстаздар династиясы: еңбек өтілі 265 жыл

22 Қазан 2022, 13:03 4039

Бір әулеттен 21 ұстаз шығып, олардың жалпы жұмыс өтілі 265 жылды құрайды

Қызылорда облысында шөпшек көру бақытына ие Сәрсенбек атаны ауылдастары «мәуелі бәйтерек» санайды. Байжановтар отбасы Сыр еліне ұлағатымен белгілі отбасы. Бұл әулеттің тағы бір ерекшелігі – ұстаздар әулеті. Олар биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында үздіктер қатарынан көрінді.

Ғасыр жасаған Сәрсенбек атадан 11 ұл-қыздан, 41 немере, 68  шөбере мен 3 шөпшек тарап, өнегелі отбасының өкілі екенін танытып келеді.  

Ең жақсы тәрбие мектебі – отбасы. Адам бойындағы асыл қасиеттер мен ізгілік атаулының барлығы отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасының адамның қалыптасуы мен дамуындағы алар орны ерекше.  

Сәрсенбек Байжанов Ұлы Отан соғысының ардагері. Сталинград түбіндегі шайқаста Гитлер армиясының фельдмаршалын тұтқынға алған сарбаздардың қатарында болған. Уран және Кіші Сатурн деп аталатын екі операцияға қатысқан. Соғыста көзі, қолы мен аяғынан жарақат алып, елге оралады.  Сәрсенбек Байжанов «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» орденімен,сондай-ақ, оннан аса медальмен марапатталды. Қазір Шиелі ауданындағы көзі тірі жалғыз майдангер.

Сәрсенбек атаның мамандығы ұстаз. Байжановтар әулеті ардагер ұстаздардың династиясы. Бұл әулеттен 21 ұстаз шыққан. Ғасыр жасаған ұрпақтан тараған әулет жарты ғасырлық өмірін ұстаздық қызметке арнады.

Сәрсенбек атамен көп жылдар бойы мектепте бірге жұмыс істеген әріптесі, інісі Абай Баукенов: «Сәрсенбек аға мектепте 40 жыл қызмет еткен ұстаз. Біз бірге ауыл мектебінде 30 жыл жұмыс істедік. Кейін ол кісі зейнетке шығып кетті. Өмірде белсенділігімен ерекшеленетін ағамыз мектепшілік және аудандық жиналыстарға қатысып, көпті толғандырып жүрген мәселелерді айтады», – деп ойын білдірді.  

Сәрсенбек Байжановтың бір әпкесі мен ағасы және 3 қарындасы болды. Абай Баукенов Сәрсенбек атаның туған ағасының ұлы. Ол әкесінен ерте айырылған соң, Сәрсенбектің шаңырағында өсіп, ер жетті. Жасы 70-тен асқан Абай да 45 жыл мектепте ұстаздық қызметін атқарып, мектеп директоры болды. Ұстаздар династиясын әулеттің келіндері мен қыздары да жалғастыруда.  

Сәрсенбек Байжанов 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысқан кезде елге хат жолдаған. Хатын өзінің туған әпкесі Сәпжамалға арнап жазған:

«Сәлем саған үлгілінің баласы,

Қарт қария үлкен кіші данасы.

Өздерінді көптен көрмей сағындым,

Көрмегелі жыл жарым болды-ау шамасы.

Сағынған соң жаздым сөздің сарасын,

Әр белдеудің бір Құдай болсын панасы.

Қызыл ерлік Отан қорғау қызметім,

Жүрген жерім Сталинград қаласы.

Алыс жерден сәлем жолдап хат жаздым,

Мен Сәрсенбек Байжанның баласы».

Сәрсенбек ардагердің хатына қарап отырып, оның ақындық қасиетінің бар екенін аңғаруға болады. Бұл хат әлі күнге дейін әулетте қор ретінде сақталған мұра. Балалары мен немерелері ардагердің әрбір затын құнды жәдігердей сақтайды. Әулеттің басы қосылып, дастарқандас болған кезде балаларға, жастарға әрдайым әулеттің ұстаздық жолы, ұлт тәрбиесі туралы сөз тарқатып отырады екен.

«Біздің әулеттен шыққан ұстаздар шәкірт тәрбиелеп, өнеге көрсетіп отырғаннан кейін бізден тәлім алатындар көп деп ойлаймын. Сондықтан барынша үлгілі әулеттің иесі болуға тырысамыз», – дейді Абай.

Әулеттің келіндерінің үлкені де қазіргі таңда немере, шөбере сүйіп отырған аяулы ана мен асыл әже. Әулеттің келіні Гүлжахан Бекжанова Сәрсенбек атаның келіндеріне деген құрмет, ықыласының ерекше екенін айтады: «Атамыз әрдайым келіндерін қолдап, түсіністікпен қарап, демеп, өзінің ақылын айтып жүреді. Түсінігі өте мол кісі. Біздің әулеттің ғана емес, аулымыздың, еліміздің көпке үлгілі тұлғасы. Сондықтан Сәрсенбек атамызбен мақтанамыз».

«Байжановтар әулетінің қандай да бір жетістігі, осы – Сәрсенбек атаның жетістігі», – дейді балалары.

«Сәрсенбек ағамыз бір әулетте қана тәрбиелеп қойған жоқ. Ұстаз ретінде күллі бір ауылды тәрбиелеп, өсірді, білім беріп, сусындатты. Сондықтан оның еңбек жолына қарап, ұстаздардың ұстазы болған азамат деп айтар едім», – дейді інісі Абай Баукенов.

Қызы Нұржамал Бйжанова ғасыр жасап, жарты ғасыр ұстаздық жолында қызмет атқарған Сәрсенбек ардагер тәрбиеге келгенде қатал болған айтады: «Ұстаз болған соң әкеміз тәрбиеге, білім саласында қатты болды. Дегенмен, жүрегі жұмсақ жайдарлы азамат екенін барлық ауыл тұрғындары жақсы біледі. Басына іс түскен кезде адамдар әкемізді іздеп, көмек сұрап, біздің үйге жиі бас сұғатын».

Сәрсенбек ардагер ұстаз, ақын, жазушы ғана емес, өте еңбекқор бағбан. Қолы бос кезінде кітап оқиды немесе қолына кетпен ұстап, егін-жайға көңіл бөліп, жастарға кітап оқу мен еңбектің қасиетін ұғындырады.  

Еңбек пен ізденісті ұстаным еткен әулеттің үлкені Сәрсенбек ата немере-шөберелеріне қана үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жоқ, тұтас ауылдың, тіпті аудан тұрғындарына өз ісімен тағылым таратуда.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Миражан Махан
Бөлісу: