9 қазан күні еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде. Кей аймақтарда үсік жүріп, кейбірінде тұман, шаңды дауыл мен қатты жел соғады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алматы облысында түнде ауа температурасы 3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Солтүстік аудандарда төтенше өрт қаупі сақталып тұр.
Жамбыл облысында түнгі уақытта, әсіресе батыс, солтүстік және таулы аудандарда 1-3 градус үсік күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетуі мүмкін. Облыстың батысы мен солтүстігінде өрт қаупі жоғары. Тараз қаласында да түнде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік болуы ықтимал.
Қарағанды және Қостанай облыстарының кей жерлерін тұман басады. Қостанай облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Түркістан облысында солтүстікте шаңды дауыл тұрып, шығыстан соққан жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с болады деп болжануда. Облыстың көп бөлігінде, соның ішінде Орал қаласында да жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында орталық және шығыс аудандарда шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Өрт қаупі жоғары деңгейде қалады.
Маңғыстау облысында да ауа райы күрт өзгеріп, оңтүстік пен орталықта шаңды дауыл тұрады. Желдің жылдамдығы 15-18 м/с. Ақтауда да дәл осындай жағдай күтіледі.
Атырау облысында шығыстан және оңтүстік-шығыстан соққан жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің солтүстігі мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.
Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тұман түсіп, кей аудандарда өрт қаупі жоғары болып қала береді.