Ұшақтың бағасы күн санап аспандап барады - депутат

11 Қыркүйек, 18:03 403

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин әуе рейстерінің билет құны қымбаттап жатқанын айтып, Көлік министрі Марат Қарабаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аллаға шүкір, Тәңірдің берген сыйы, атам қазақтан ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қалған  құс қанаты талатын, ұлан-ғайыр жерде мекендеп жатырмыз. Елімізде пойызбен қалааралық қатынауға күн ауып, кейде апталап уақытымыз кетіп жатады. Әлемде тоғызыншы орын алатын мемлекетіміз үшін әуе жолының маңызы айтпаса да түсінікті. Алайда ұшақтың бағасы күн санап аспандап барады. Астана – Ақтау бағытында билет құны 60 мыңнан түспесе, жаңадан құрылған облыстар бағытындағы, Астана-Семей 21-60 мың, Астана-Жезқазған 21-60 мың,  Астана-Талдықорған бағытында орташа бағамы 40 мың теңге, - дейді депутат.

Билет құнын  әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 бөлігі әуежай компаниясының табысы.  

Ал енді ұшу уақыты таянғанда Қазақ эйр компаниясының 21000  теңге маңайында сатылатын билеттерді 60 мыңға дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу, адамгершілікке сай ма?! Бұл баға жүйесі халықты қанауға ғана бағытталған. «Лоукостердің» де нарқы шарықтап тұр. Лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу көрші елдердің бағасынан екі есе қымбат. Оның үстіне ұшаққа билет бола тұра салонындағы орынды бөлек сатып алуға мәжбүрміз, - дейді мәжілісмен.

Депутат жалпы елімізде әуе қатынасы халық үшін қолжетімсіз екенін атап өтті.

Президент өз Қазақстан халқына Жолдауында кіші авиация әлеуетін Өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен көтеру туралы айтылды. Баға  саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін азаматтық авиация саласындағы құзырлы органның:

«Ашық аспан» мүкіндіктерін пайдалана отырып, жаңа құрылған Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары бағытына лоукостерлік және басқа авиакомпанияларды тартуын талап етеміз, - деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.                                     

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: