Ұшақ билеттері қымбаттай ма?

Ұшақ билеттері қымбаттай ма?

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Құжатта әуе билеттерінің толық құнын кері қайтару мүмкіндігін енгізу ұсынылған. Алайда Көлік министрлігі мұндай өзгеріс билет бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Вице-министр Талғат Ластаевтың айтуынша, билеттің толық қайтарылуын тарифтің өзіне енгізу әуе тасымалы құнының қымбаттауына алып келуі ықтимал. Себебі кей жолаушылар түрлі себептермен рейске келмей қоятын жағдайлар жиі кездеседі.

Жиын барысында журналистер депутаттардың “жоспар өзгерген кезде билетті қайта өткізу жүйесін қайтару” жөніндегі ұсынысын көтерді.

Ластаев бұл мәселеге қатысты былай деп түсіндірді: егер билет толық қайтарылатын болса, компания шығынды басқа жолаушылардан түскен қаражат есебінен ғана өтей алады. Рейске келмеген, бірақ ақшасын толығымен алған жолаушы үшін шығынды жабудың басқа тәсілі жоқ. Сондықтан бұл бағаның өсуіне алып келуі әбден мүмкін.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа заң жобасында әуе компанияларына қойылатын талаптар күшейтілетінін айтқан еді. Сондай-ақ құжатта билетті қайтару кезінде авиакомпания тек 10% ұстай алатыны көрсетілмек.