Үш жылда ТЖМ лауазымды тұлғаларына қатысты 103 жемқорлық қылмысы тіркелген

12 Қараша, 05:22 349

Антикор және ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жемқорлық көріністерін жою жөніндегі шаралар кешенін әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 
 
Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ТЖМ қызметінің бағыттары арасында жемқорлыққа неғұрлым бейім санатына жатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы үш жылда төтенше жағдайлар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты 103 жемқорлық қылмысын тіркеген. Оның ішінде департаменттер мен басқа да бөлімшелердің 11 басшысына қатысты. өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы 23%-ы құқық бұзушылықтар болып табылады. 

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының уақытылы қабылданбауы өндіріс нысандары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, олардың тиісті еңбек жағдайларына конституциялық құқықтарын бұзады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысына қатысты тергеу аяқталды.  Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, позициялау жүйесі жоқ кен орындарындағы жұмысты тоқтату шараларын қабылдамағаны үшін айыпталуда. Аталған жүйе кеншілердің жер астындағы орнын анықтауға, төтенше жағдайларда құтқарушылардың зардап шеккендерді тез табуына және эвакуациялауына көмектесуге, ал кейбір жағдайларда олардың өмірін сақтап қалуға арналған. Айыпталушы сотқа тартылды,-делінген агенттік баспасөз қызметінің мәліметінде.  

Павлодар облысында өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің тау-кен техникалық қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысы және бұрынғы бас маманы 2016 жылы анықталған бұзушылықтар бойынша «Майкаинзолото» АҚ оларды жоюды бақылаған жоқ. Нәтижесінде бұл өндірілген кеңістіктің жоғарғы қабатының құлауына әкеліп соқтырды және адам өліміне әкелді. 

ТЖМ мәліметтері бойынша, жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық апат орын алады. Соңғы он жылда 244 апат тіркелді. Елімізде өткен жылдың өзінде өндірісте 21 апат тіркелді, 108 адам зардап шекті, оның 56-сы қайтыс болды. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларының бірі сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын анықтау болып табылады.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін әрбір тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша ұсыныстар енгізеді. Мәселен, 8 қарашада агенттік алаңында төрағаның орынбасары Дархан Құрақбаев Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі С.Төленбергеновтың, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушысы А. Олжағұловтың және ТЖМ-нің басқа да жауапты тұлғаларының қатысуымен қылмыстық істер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстары қаралды.  Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мәселелерін талқылауға агенттік пен ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен жеке құрамы қатысты. 

Агенттік пен министрлік сыбайлас жемқорлық көріністерін жою және техногендік апаттардың алдын алу бойынша кешенді шаралар әзірледі. Мысалы, қауіпті өндірістік объектілердегі жабдықтардың тозуын бақылау және тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою процестерін цифрландыруды енгізу ұсынылды.  Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру ұсынылды. Мәселен, қолданыстағы нормаларға сәйкес, позициялау жүйесінің болмауы қызметті тоқтату үшін міндетті негіз болып табылмайды. Осыған байланысты аталған кемшіліктерді объектілерде жұмыс жүргізуге тыйым салатын елеулі бұзушылықтар санатына жатқызу қажет,-делінген ақпаратта.  

Ведомстволар арасындағы жүйелі ұйымдастырушылық-құқықтық және алдын алу шараларын әзірлеу бойынша бірлескен ынтымақтастық тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: