Үш ұрпақты жалғаған ұстаздар династиясы

20 Қазан 2022, 12:10 3734

Сұраныс артқан сайын, қабілеттілікті шыңдау құлшынысы артады

«Мерейлі отбасы» байқауының өңірлер арасындағы тағы бір жеңімпаз атанған отбасы Оспановтар әулеті. Ақтөбе облысын тұрақтаған олар халық арасында ұстаздар династиясы атағына ие болған. Бұл атақтың да айтар сыры жетерлік.

Білім саласында тарихтары шамамен 300 жыл бұрын басталған отбасының отағасы Оспан 2009 жылы өмірден озған. Санал ғұмырын оқу мен оқытуға арнаған ол өзінің ұрпақтарын да осы бағытқа жетелеп тәрбиелеген. Ұлағатты ұстаз жас ұрпақ тәрбиесіне республика көлемінде мән берген жан.  Ал отанасы Шәмшия Қыдырқызы қазір 92 жаста. 10 баланы дүниеге әкеліп, 23 немере, 13 шөбере сүйіп отырған батыр ана да өз заманында мектепте қызмет жасаған. Отбасы діңгегінің мұндай болып қалыптасуы әке мінезінің қатаңдығы дейді әжей.

«Отбасының берекесі әйелде. Әкем молда, ағаларым ұстаз болғаны менің де сол бағытта біраз уақыт жұмыс істеуіме себепші болды деп ойлаймын. Жұбайым білім саласында үлкен еңбек атқарды. Халық танитын азаматтарды да тәрбиелей алдық. Адамды тұлға ретінде тануы әркімнің өз қолында. Тек дұрыс жолды таңдай білу қажет. Бұл ретте балаларымның әкесі қаталдау болғаны да өз септігін тигізді деп ойлаймын. Одан ешкім де жаман болмады. Әкелері ұстаз болып қана қоймай меңгеруші, партия ұйымында хатшы, бригада жетекшісі, мектеп директорының орынбасары сынды қызметтерде де абыройлы болған», - дейді ғасырға жуық жасаған әжей.

Ұстаздар династиясын жалғаған балалары да ел алдында үлкен қызметтегі лауазымды тұлғалар ретінде қалыптасқан. Үш ұрпақты жалғай ұстаздық мамандығының тіреуіші болып келе жатқан бұл әулеттің мүшелері ата жолды сақтағандарын мақтаныш етеді.

«Арғы атамыз Төлептен бастау алған тарихымыз әлі де жалғасын табады деген үміттеміз. Атамыз кезінде қажы атанғаннан кейін мектеп ашып бала оқытқан. Кейіннен ата-анамызда мектепте қызмет жасап, бауырларымның да көбі дерлік осы салада бой түзеді. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ата жолмен өзімде қазір 30 жылдан астам уақыт білім ордасында қызметтемін. Зайыбым да 26 жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі. Баламызда білім үйрету бағытына бет алды. Ұстаздың басты міндеті - оқушылар мен ата-ана үмітін ақтау. Сондықтан әрдайым ізденіс үстінде болу қажет» - дейді ұлдары Еділ Оспан.

Оспановтар әулетінен тараған немерелер мен түскен келіндердің дені де көбісі ұстаздық жолында. Он баланың ішінде бір ұлы мен төрт қызы, мұғалім. Тұңғышы Венера Оспанқызының ұстаздық жолдағы еңбек өтілі — 40 жыл. Бүгінде басшылық қызмет атқарып отырған ол білім ордасын 2021-2022 оқу жылында еліміздің үздік 100 мектеп қатарына енгізіп үлгерген.

 Жадыра Оспанқызының да 35 жылдық тәжірибесі бар болса, бастауыш сыныбында білім беретін Анджела Оспанқызының еңбек өтілі — 28 жыл және Алия Оспанқызының  мұғалім болып жұмыс істегеніне — 22 жыл болып отыр. Барлығы дерлік жоғары зерттеуші санатты мамандар. Ұстаздықтың ауыр бейнетін кешіп жүріп, талай дарынды баланың бағын ашқан, ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған Оспановтар әулетінің жалпы педагогикалық өтілі үш ғасырға жуықтаған.

Отбасындағы немерелер мен жиендер де ел алдында танымал болып үлгерген. Жиен немересі Нұрсұлтан шахматтан спорт шеберіне үміткер. Халықаралық додаларда алдыңғы қатарларда топ жарған. Ақтөбе облысының 7 дүркін чемпионы. Ресей, Казань, Индия сынды қалаларда болып ел намысын қорғаған.

Еділдің ұлы Естай да әкенің ықпалымен ұлы жолды жалғастырған. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектебінде математика пәнінен сабақ береді.

«Әрине бастапқыда жалақысы жоғары мамандық таңдағым келген. Дегенмен де әкемнің ақылын тыңдап отбасы жолын ары қарай жалғап мұғалім мамандығын таңдап, тәмамдадым. Қазір ұстаздар үшін мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалуда. Сәйкесінше сұраныс барда үздіктер қатарында көрінуге тырысамыз. Өзіме балалармен жұмыс жасаған ұнайды», - деді ол.

Әжей артынан ерген ұрпағының бойын отбасы тұтастығын мен құндылығын сіңірдім деген сенімде.

«Көзім тірісінде асыл қасиеттерді үйретіп келемін. Әкелерінің де еңбегін ұмыттырмаймын. Жақсы адам, жақсы келін, жақсы ана болып тумайды. Әр атақты адам өзі жасайды. Сондықтан әр отбасының заңдылығы болатындай, әр үйдің тәрбиесінде ілім болуы керек. Біздің шаңырақта бұл қасиет молынан. Себебі барлығы өздерінің ғана емес елдің балаларын тәрбиелеп отырған мамандар», - дейді.

Үлгілі өнеге беретін отбасынан шыққан ұстаздар оқушыларды жетістікке жетелеуді бірінші орынға қояды. Тек үйретіп қана қоймай, белестерді бағындырып бәсекелстікке қабілетті жан етіп шығаруды міндет деп санайды. Заман талабына сай заманауи әдістерді қолдану керек дейді олар. Ескімен оқыған ұстаздардың  да білімін жаңғыртып тұруларының себебі осы.

«Біз таңдаған жол қиын жол. Қаншама бүлдіршіннің отбасы сенім артқан ұлы жол. Олайдың өмірде қателеспей, өз орнын табуда біздің рөліміз орасан зор. Әр адамның қателесуі мүмкін болса дағы, біз жұмыс бабында ешқашан қате жібермеуіміз қажет. Аталармыздың дара есімін ардақтап, ар қарай есімдері тарихта қаларлықтай іс жасау керек» - Венера Оспанқызы.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: