Үш облыста егіс алқабының 40% -на егін егілді

27 Мамыр, 15:03 504

Ауыл шаруашылығы министрі жалпы астық түсімінің 70 пайызға жуығын өндіретін Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Егістің оңтайлы мерзімдерін сақтау, дизельдік отынның болуы, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету – мол өнім алудың негізгі шарттары. Айдарбек Сапаров облыс диқандарымен кездесіп, сұрақтарға жауап беріп, ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Солтүстік Қазақстан облысында шаруалар жеңілдікті дизель отынын алудың өзгертілген ережелері бойынша сұрақтар қойды.

15 мамырдан бастап өзгертілген Ереже қолданылады: көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеке өтінім берудің орнына бірыңғай өтінім бар. Бұл дизель отынына жеңілдік алу рәсімін жеңілдетеді. Өтінім беру мерзімі 20 күннен 30 күнге дейін ұзартылды, отын шығынының бірыңғай базалық нормативтері алынып тасталды, енді нормативтер өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленетін болады, - деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ Ережеде субсидияланатын дизель отынының қалдығын пайдалануға болатын ауылшаруашылық жұмыстарының қосымша түрлерінің стандарттары бар. Айдарбек Сапаров өзгерістер министрлік шаруалардың ұсыныстарымен жұмыс істегеннен кейін енгізілгенін атап өтті.

Дегенмен, бірқатар өңірлерде жанармайға сұраныс жоғары болған кезде жеңілдетілген дизельдік отынның жеткізілуі өз деңгейінде емес: бүгінгі күнге дейін 241,4 мың тонна немесе 64% жеткізілген. Осыған байланысты облыс әкімдіктері жанар-жағармайды кестеге сәйкес тезірек жөнелтуді қамтамасыз етуі қажет.

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы егіс алқаптарында өткен кездесулер барысында министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзара міндеттемелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз агроөнеркәсіптік кешендегі жалпы көлемді екі есе ұлғайту үшін барлық жағдайды жасаудамыз. Мен бірінші кезекте биылғы егіс және егін жинау жұмыстарына 580 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несиені айтып отырмын. Қаржыландыру 3 еседен астам өсті», - деді Айдарбек Сапаров.

Жеңілдікпен қаржыландыру 5% мөлшерлемемен жүзеге асырылады, несиені 12 айға алуға болады, бұл фермерлерден несиені күзде өтеу міндетін алып тастайды, енді несиені өтеу үшін егінді асығыс және тиімсіз бағада сатудың қажеті жоқ. «Даму» қорының кепілдігі де бар, ол шаруалар арасындағы кепілдің тапшылығы мәселесін шешеді.

Министр тыңайтқыштарды, тұқымдарды, техникаларды субсидиялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өзге де қолдау шараларын айтып өтті. Жеңілдетілген несие мен субсидия алып отырған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де технологияны ұстану, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға ұмтылуы керек.

Импорттық астық ішкі нарыққа қысым жасап, дәстүрлі өткізу нарықтарымызды иеленеді. Өйткені көршілеріміз 20-25 ц/га жоғары өнімділікке ие, бұл өнім бағасының арзандауына алып келеді. Ал, қазақстандық өнімдер баға бойынша бәсекеге қабілетті емес. Агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімді арттыру үшін жұмыс істеу керек, - деп түйіндеді министр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: