Үш айда көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі жоспар 108%-ға орындалды – Kөлік министрлігі

20 Тамыз, 11:45 367

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталғалы 1 мамырдан бастап 15 тамызға дейін теміржол көлігімен 17 млн тонна көмір тасымалданды, оның 1 млн тоннасы коммуналды-тұрмыстық секторға, 16 млн тонна энергетикалық кәсіпорындарға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл сайынғы деректерге сәйкес республика ішіндегі көмір тасымалының жалпы қажеттілігі 70 млн тоннадан асады. Орташа ай сайынғы көмір тиеу көлемі 5,5 млн тонна.

Бүгінгі күні энергетикалық кәсіпорындардағы көмір қорының көлемі 3,7 млн тоннаға тең. Коммуналды-тұрмыстық секторды қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Жылыту маусымының 3 айында нақты тасымалдау көрсеткіштері жоспарға 108% құрады, — деді көлік министрі Марат Қарабаев.

2024 жылы көмір тасымалының жылжымалы құрамы 185 локомотивпен жаңартылды.

Қазіргі уақытта тасымалдауға 20 мыңнан астам ашық вагон тартылған, оның ішінде 11 мыңы коммуналды-тұрмыстық көмірді тасымалдауға, 9 мыңы энергетика саласына арналған. Сонымен қатар 3 мыңға дейін жеке операторлардың вагондарын қолдануға мүмкіндік бар, - деп хабарлады Көлік министрлігі Үкімет отырысында.

Көлік министрінің сөзінше, негізгі көмір тиеу стансаларына апаратын 103 км жуық теміржол жөндеуден өтті.

Көлік министрлігі жылу беру маусымына дайындық аясында көмірді уақытылы тиеуді қамтамасыз ету үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп тиісті шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Осылайша, көмірді жоғары жылдамдықпен – тәулігіне 700 км-ге дейін жеткізуді қамтамасыз ететін тасымалдауды бағдарлау жүйесі әзірленді.

Қауырт кезеңде, қараша-желтоқсанда жүктемені азайту үшін әкімдіктермен бірлесіп, жаз айларында көмір қорын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көмірмен қамтамасыз ету мәселелеріне жедел ден қою және шешу үшін тұрақты штаб жұмыс істейді.

Көмірді жеткізу кезінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 102,7 шақырымды құрайтын негізгі көмір тиеу стансаларына, атап айтқанда Қызылжар, Дегелең, Үшқұлын, Нұра және Екібастұзға апаратын жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деп нақтылады көлік министрі Марат Қарабаев.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: