13.12.2025
21:21
981
Үш алтын, бір күміс және екі қола: Қазақстан әлем чемпионатын аяқтады

Үш алтын, бір күміс және екі қола: Қазақстан әлем чемпионатын аяқтады

Қазақстан боксшылары әлем чемпионатын үш алтын және бір күміс, екі қола медальмен аяқтады.

71 келіде ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов финалда ресейлік Сергей Колденковті жеңіп, қоржынға үшінші алтынды салса, 76 келідегі Сабыржан Аққалықов күміс жүлдегер атанды.

Айта кетейік, Жүсіпов карьерасында тұңғыш рет чемпион атанып отыр. Бұған дейін үш рет қола жүлдегер атанған.

Ол турнир барысында бірнеше мықты қарсыласты, соның ішінде қырғызстандық Ихтияр Нишановты айқын басымдықпен ұтты.

Карьерасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына үшініш алтын медальді салған Абылайхан Жүсіпов Қазақстан халқына алғыс айтты.

Жеңіске жеткеніме өте қатты қуаныштымын. Еліміздің абыройы асқақтап, Қазақстанның көк туы желбіреді. Қолымдағы көк туды Токио олимпиадасында ұтылған кезде өзіммен бірге алып кеткен болатынмын. Бұйыртса, алдағы әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында финалға шығып, жеңіске жетемін деп ниет қойдым. Бүгін ештеңеге қарамастан чемпион атанып, өзіме берген уәдемді орындадым.

Отаныма, туып-өскен Қарағандыға ерекше алғыс айтамын. Осыншама жыл бойы қолдаған, сенімін жоғалтпаған, біріншілікке сеніп әкелген бас бапкер Қайрат Сәтжановқа алғыс айтамын. Бұл сол кісінің жеңісі. Әйтпесе қаншама сын болды, жастарды жіберу керек деген сөздер де айтылды. Жасөспірімдер арасында, жастар арасында әлем чемпионы атанып, енді ересектер арасында жеңіске жеттім, гештальт жабылды, - деді ол.

Ал Сабыржан финалда 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық айқаста отандасымыз ресейлік Исмаил Муцольговпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіс Муцольговқа бұйырды. Осылайша, ресейлік боксшы әлем чемпионатының алтын медалін, ал Сабыржан Аққалықов күміс жүлдені еншіледі.

Айта кету керек, Сабыржан финалға ерекше жолмен жетті. Жартылай финалда оның қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жекке шыға алмай, қазақстандық боксшы шешуші кезеңге тікелей өтті. Дегенмен бұған дейінгі кездесулерде Аққалықов өз мықтылығын толық дәлелдеді: ол екі қарсыласын нокаутпен жеңіп, чемпиондыққа лайық деңгейде екенін көрсетті.

Айқастардан соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатын қорытындалады.

Әлем чемпионатында шәкірттеріміз үш алтын, бір күміс пен екі қола медаль алды. Бәріне ризамын, жігіттер аянып қалған жоқ. Бір-екі  жекпе-жекте жеңісті бермей қойғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Соңғы айқаста Сабыржан жеңіске жетті деп ойлаймын. Әлі де дайындаламыз, алда Азия ойындары бар. Осы біріншілікті артық тұстарын да, кемшіліктерді де көрдік. Солардың бәрімен жұмыс істейміз. Келесі жыл Азия чемпионатынан басталады, Әлем кубоктары бар, сонан соң Азия ойындары бар. бәріне тыңғылықты даярлық жасап, елді алтын медальдармен қуантамыз деп сенемін, - деді Сәтжанов.