US Open: Жасөспірімдер арасында Соня Жиенбаева келесі айналымға өтті

3 Қыркүйек, 04:18 369

Қазақстандық теннисшілер жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатында бастапқы матчтарын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандықтардан WTA рейтингісінде 779-орында тұрған Соня Жиенбаева ғана жеңіске жетті.

Соня алғашқы айналымда әйелдер рейтингісінде 1330-орындағы норвегиялық Эмили Сартс-Лундемен (№ 29 ITF Juniors) сынға түсті.

Қазақстандық жас теннисші қарсыласын 7:6 (7:5), 6:3 есебімен қапы қалдырды. Бәсеке бір сағат 25 минутқа созылды.

Жарыстың 14-ракеткасы болып тіркелген Жиенбаева үшінші айналымға өту үшін америкалық Аланис Хэмилтонмен шеберлік байқастырады.

Асылжан Арыстанбекова чехиялық Елиска Тишаковамен ойында бірінші партияда 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады – 6:7 (5:7), 1:6.

Бозбалалар арасында доданы іріктеу сайыстарынан бастаған Даниал Рахматуллаев алғашқы айналымда швейцариялық Флинн Томастан өте алмады – 6:7 (4:7), 2:6.

Қазақстанның басты үміті, ATP рейтингісінде 1033-сатыдағы Амир Омарханов үшін биылғы US Open сәтсіз болды. Жарыстың 10-ракеткасы болып тіркелген Омарханов бразилиялық Луис Гуто Мигельге жол берді – 6:7 (3:7), 3:6.

Зарина Арман
Бөлісу: