05.09.2025
09:39
568
US Open: Заңғар Нұрланұлы қазақстандықтар арасынан алғаш рет жартылай финалға шықты

US Open: Заңғар Нұрланұлы қазақстандықтар арасынан алғаш рет жартылай финалға шықты

Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ITF Juniors рейтингісінде 54-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы ширек финалда жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген 18 жастағы ресейлік Тимофей Дерепаскомен шеберлік байқасты.

Дерепаско – жасөспірімдер ғана емес, ересектер арасында да ойнап үлгерген теннисші, ол ATP рейтингінде 925-орында тұр.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Заңғар брейк жасады. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:2.

Екінші сетті З.Нұрланұлы брейкпен бастағанымен, оны жалғастыра алмады – 1:1. Дегенмен есеп 3:3 болғанда, тағы брейк жасап, өз геймін алды – 5:3. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Заңғар Нұрланұлы финалға шығу үшін жасөспірімдер арасында әлемнің 1-ракеткасы, болгариялық Иван Ивановпен ойнайды. Нұрланұлы жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан осындай табысқа алғаш рет жетіп отыр.