Абай облысында жол апатынан зардап шеккен балалар Астанадағы ауруханадан шығарылды. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Екі апта балалар тәулік бойы дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Ақ халаттылардың кәсіби біліктілігі мен дер кезінде атқарған шараларының арқасында науқастардың жағдайы бірқалыпты. Бүгінде балалардың халі жақсы, оң динамика байқалады, амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді.
Екі бала көптеген жарақатпен түсті. Дәрігерлер күрделі ота жасады. Қазіргі таңда ұл мен қыздың жағдайы жақсы: белсенді, шағымдары жоқ, тәбеттері сақталған, – деді бас дәрігер орынбасары Динат Ерікұлы.
Бүлдіршіндердің ата-анасы дәрігерлердің кәсібилігі мен жанашырлығы үшін алғыс айтып, ақ халаттыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Еске салсақ, Абай облысының Үржар ауданында 21 тамыз күні жол-көлік оқиғасы болды. 55 жастағы Toyota жүргізушісі көлікті басқара алмай, үй қақпасының жанында, жолдан он метр қашықтықта тұрған балалар тобына соғылған болатын. Зардап шеккен екі бала шұғыл түрде Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын. Ұл бала мен қыз баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Дәрігерлер олардың жарақаттарының ауырлығын ескеріп, бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Сол жерде ота жасалып, қажетті ем-шаралардың толық кешені жүргізілді.