Уран таблеткасының артықшылығы қандай? Сарапшылар жауап берді

26 Қыркүйек, 11:15 511

Астананың орталық саябағында ядролық индустрияны дамыту қауымдастығы (AIDA) ұйымдастырған «Уран көмірге айырбас» атты бірегей іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған акцияда қала тұрғындарының назарына ерекше стенд қойылды. Мұнда салмағы небәрі 4,5 грамм болатын бір уран таблеткасының өндіретін энергиясы көмір мен мұнайдан алынатын энергиямен салыстырмалы түрде көрсетілген. Арнайы шақырылған сарапшы маман іс-шараға жиналғандарға стендте көрсетілген энергия көздері туралы айтты

Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты атом энергиясын дәстүрлі энергия көздерімен салыстыра отырып, артықшылығын халыққа жеткізу. Өздеріңіз көріп тұрғандай салмағы 4,5 грамм бір уран таблеткасы 400 кг көмір мен 350 литр мұнайды жаққаннан алатын энергиямен тең. Соған сай олардың ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да көлемі әр түрлі. Мысалы, 400 кг көмірді жаққанда 1000 кг газ бөлінеді. Ал уран таблеткасы тек 20 грамм газ бөлу арқылы көмірмен бірдей энергия беруге қауқарлы. Біздің ел уран өндірісі бойынша көшбасшы. Сондықтан болашақта АЭС салынатын болса ядролық отынды өз елімізде өңдеуге мүмкіндік туады деп ойлаймын.  – деді атом бойынша сарапшы маман Ерік Базарбаев.

Акцияға жиналғандар ядролық отын туралы тың ақпаратқа қанып, таңданыстарын да жеткізді.

 Шынымды айтсам бір ғана таблетка осыншама энергия бөлуге қауқарлы екенін білмеген едім. Адамға көзбен көргенді қабылдау жеңіл ғой. Сондықтан бұл стендтегі ақпараттарды астаналықтардың тез қабылдайтынына сенімдімін. Қазіргі кезде электр тапшылығы сезіліп жатқан өңірлер де бар. Сондықтан АЭС елімізге керек деп санаймын. Бұл электр тапшылығын жойып қана қоймай, ел экономикасын әлемдік деңгейге көтеруге септігін тигізеді, – деді қала тұрғыны Шерхан Ибраев.

Айта кетелік, Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында өндірілетін уран таблеткалары көршілес Қытайға экспортталуда.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: