ҰҚК шекара қызметінің Каспий теңізіндегі құрылымына 30 жыл толды

9 Шілде 2023, 16:55 1512

Шекара ведомствосының теңіз бөлімшелері құрылған күні теңіз шекарашыларының күнделікті өмірі, жетістіктері мен даму сатылары туралы тікелей куәгер және қатысушы – ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары, штаб бастығы, 1-дәрежелі ранг капитаны Данияр Малшыбаев айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

​Каспий теңізіндегі шекаралық аймақтарды қорғау нақты 1995 жылы басталды, содан кейін алғашқы "Абай"шекаралық қайығы іске қосылды. Бұл оқиға, әсіресе, біз үшін маңызды болды, елдің теңіз шекараларын бақылау үшін қайықтармен, содан кейін кемелермен қамтамасыз етудің бастапқы нүктесі осылай қойылған болатын. Қысқа уақыт ішінде біз Ресеймен және Түрікменстанмен теңіз шекараларының учаскелерін күзетуге, сондай-ақ Әзірбайжанмен шекараның бағытын бақылауға алдық. ​Кейін теңіз қорғанысын дамытудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, теңіз бөлімшелері қайта құрылды, олардың саны мен ұйымдық-штаттық құрылымы өзгерді. 2008 жылы теңіз шекара дивизиясының базасында Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті құрылды, оның құрамына батыс өңірінің шекара жасақтары, кемелер мен қайықтардың дивизиондары кірді. 2020 жылы шекара ведомствосының аумақтық қағидат бойынша реформалануына байланысты өңірлік басқарма ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаменті болып қайта құрылды”, - дейді ол. 

Сондай-ақ осы жылдары атқарылған жұмыстар туралы да баяндап өтті. 

30 жыл ішінде шекарашылар барлық санаттағы 25 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстады, аумақтық және ішкі суларда 10 мыңға жуық заң бұзушылықтардың жолын кесті. 600-ден астам "Байда" типті браконьерлік қайықтар, 2 мың түрлі шағын жүзу құралдары, 45 шетелдік браконьерлік кәсіпшілік-көлік кемелері ұсталды. Сондай-ақ, 15 мың шақырымнан астам балық аулау құралдары (коллада) және 6 мың шақырым түрлі желілер тәркіленді. Табиғи мекендеу ортасына 25 мыңнан астам бекіре және 40 мың жартылай тұқымды балық, сондай-ақ 1100 итбалық жіберілді. Бұл жұмыстар жасалмағанда мемлекетке келетін залал ондаған миллиард теңгеге жететін еді.
​Қызметімізде осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізуге арнайы мамандар – офицерлер мен матростар, сарбаздар көмектесті. Олардың көпшілігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын сенімді қорғауды қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосты. Бірінші кезекте әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан 2-саптың старшинасы Бағжан Ақыпбековтің ерлігін атап өткім келеді. 2012 жылы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде заңсыз балық аулаумен айналысатын заң бұзушының кемесін қудалау кезінде Бағжан өз өмірінің бағасымен қылмыскерлердің шетел асып кетуіне жол бермей қалды, - дейді. 

Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Бағжан Ақыпбеков қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталады. Сондай-ақ, полковник Әлібек Қаюпов II дәрежелі"Айбын", 2-дәрежелі капитан Әсет Ахметжан "Жауынгерлік ерлігі үшін", мичман Василий Калимуллин «Ерлігі үшін» және тағы басқа қызметкерлер әр жылдары мемлекеттік және үкіметтік наградалармен марапатталған. 

“Мемлекетіміздің теңіз шекараларында қызмет ету, оны қорғау - бізге үлкен міндет болып жүктелді. Осы шекарадағы түрлі қиын жағдайлар мен ортада сіздер кәсіби шеберлік пен қырағылық таныта білдіңіздер. Сіздердің арқаларыңызда шекара сенімді қорғалуда. Баршаңызды Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімшелерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Денсаулық, отбасылық бақыт, амандық және ел игілігі үшін құрметті қызметте табыс тілеймін, - дейді Данияр Малшыбаев.

Асқар Таудай
Бөлісу: