01.11.2025
16:11
389
ҰҚК бір айда 4 мыңнан астам шетел азаматын ұстады

ҰҚК бір айда 4 мыңнан астам шетел азаматын ұстады

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2025 жылғы қазан айындағы қызметінің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ай ішінде мемлекеттік шекара кеңістігінде 4 743 құқық бұзушы ұсталды, оның ішінде 4 077-і – шетел азаматтары.

Құзырлы органдармен бірлескен іс-шаралар барысында мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізуге қатысты 1 708 жағдайдың жолы кесілді.

Атап айтқанда:

  • 75 жағдайда қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді (2 жауынгерлік, 3 жарақат қаруы, 258 суық қару, 13 «АК-74» макеті, 36 дана оқ-дәрі және 2 800 атыс қаруының бөлшектері);
  • 531 жағдайда жалпы сомасы 14 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдары;
  • 867 жағдайда жалпы құны 4,2 млрд теңгеден астам халық тұтынатын тауарлар;
  • 235 жағдайда жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын шетел валютасы анықталды.

Каспий теңізінің акваториясында 106 браконьерлік дерегі тіркелді. Нәтижесінде 24 жүзу құралы, ұзындығы 136 км-ден асатын ау құралдары, шамамен 2 900 кг бекіре тұқымдас балық және 4 Қызыл кітапқа енген итбалық алынды. Табиғатқа келтірілген залал шамамен 1,1 млрд теңге деп бағаланды.

Барлық деректер бойынша материалдар құқық қорғау және сот органдарына жіберілді. Мемлекеттік шекарада шектеу шаралары енгізілген жоқ.

Сонымен қатар, «Сырым», «Әлімбет» және «Қосақ» өткізу пункттерінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шекарадан өту кезінде күту уақытын арттыруы мүмкін. Азаматтардан сапар бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.

Басқа өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.