University Bridge халықаралық шараға айналмақ

2 Тамыз, 09:15 10487

2020 жылы құрылған University Bridge форумы жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары арасында бірден танымалдық жинады. Жыл сайын осы жоба аясында қатысушылар білім мен тәжірибе алмасып, ал жас ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарын таныстырып, әрі қарай әріптестік үшін мүмкіндіктерді талқылайды. Жақындағы Өзбекстан делегациясының NU-ға сапары аясында осы форумды халықаралық деңгейге шығару туралы ұсыныс айтылды.

Форумды NU Жоғары білім беру мектебінің докторанттары пандемия кезінде онлайн білім алып жатқан қазақстандық студенттерді қолдау мақсатында бастаған. Сол кезден бастап, жоба едәуір өсіп, білім алмасатын және академиялық қауымдыстықтағы әріптестікті ынталандыратын маңызды платформаға айналды. Қазіргі кезде NU шетелдік университеттермен форумның әлеуетін кеңейту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. «University Bridge» жобасы 2024 жылғы күзде халықаралық деңгейге шығады деп жоспарланып отыр.

Біз жобаны кеңейтуге тырысамыз, ол үшін қатысушылар санын арттырып, ғылыми қауымдастық үшін өзекті тақырыптар қатарын көбейтпекпіз. NU-дың жас зерттеушілерінің қолдауы мен осы форумға белсенді қатысуы Қазақстандағы ғылыми қауымдастықтың дамуына септігін тигізбек, — деді NU-дың біліктілікті арттыру бағдарламалары жөніндегі директор Жаңыл Жонтаева.

Соңғы бес жылда 13 ақпараттық сессия өткізіліп, оларға NU, AlmaU, Korkyt Ata Kyzylorda University, Abai University, AIU және т.б. сияқты оқу орындарынан мыңнан аса жас ғалым қатысты.  Айта кету керек, ғылыми тәжірибесімен тек қана студенттер емес, сондай-ақ оқытушылар да бөліседі. Сессияларда талқыланған негізгі тақырыптар – зерттеу жүргізу әдістері, академиялық жазу, әдеби шолу жасау, көп тілде білім беру, инклюзивті білім, зерттеу жұмыстарын жүргізу әдептері, деректерге сапалы талдау жасау. Сессиялар қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде өтеді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: