Университеттің үздік түлектері мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданады

20 Қаңтар 2023, 15:13 1254

Биылдан бастап түлектер осы қағидамен жұмысқа орналасады

Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектер аудандардағы төменгі лауазымға конкурстан өтпей тағайындалады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

«Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектеріміз аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады», - деді Дархан Жазықбаев.

Оның айтуынша, бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

«Бұл заң қабылданды. Биыл бітіретін түлектеріміз осы қағидамен жұмысқа орналасады», - деді Дархан Жазықбаев.

EL.KZ
Бөлісу: