Универсиада: қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстар кестесі

27 Шілде 2023, 19:39 1387

FISU-дің ХХХІ Дүниежүзілік студенттік ойындары Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының Чэнду қаласында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстан атынан 11 спорт түрінен 93 спортшы қатысады (садақ ату; оқ ату; жеңіл атлетика; спорттық гимнастика; дзюдо; көркем гимнастика; үстел теннисі; таеквондо; у-шу; жүзу; семсерлесу). Ел құрамасы еліміздің 26 жоғары оқу орнының студенттерінен жасақталған.

28 шілдеде Универсиаданың ашылу салтанаты өтеді, ал 27 шілдеде қазақстандықтар садақ атудан алғашқы жарыстарда өнер көрсетеді.

Жарыс 8 тамызға дейін жалғасады, онда 18 спорт түрінен 269 медаль жиынтығы ойналады. Әлемнің түкпір-түкпірінен он мыңнан астам спортшы марапаттар үшін күреседі.

Универсиада жарыстары «Армандар Чэндуде шындыққа айналады» ұранымен өтеді. Универсиаданың бойтұмары 2019 жылдың 30 желтоқсанында таныстырылған «Ronq Bao» пандасы болды.

Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде сағат 20:00-де (Чэнду қаласының уақыты бойынша) спорт қалашығында мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: