Үндістанда бір ай бұрын болған ең ірі әуе апатының алдын ала тергеу қорытындысы шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Азаматтық авиация оқиғаларын тергеу бюросының (AAIB) мәліметінше, Air India әуе компаниясының 171-рейсі қозғалтқыштарға жанармай берудің аяқ астынан тоқтап қалуы салдарынан апатқа ұшыраған. Қайғылы оқиға 12 маусым күні Ахмедабад қаласында ұшып көтерілгеннен небәрі 29 секунд өткенде болды. Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы Лондонға бағыт алған еді.
Қайғылы оқиға қалай өрбіді?
Алдын ала есептерге сәйкес, ұшақ көтеріле бастаған сәттен-ақ қозғалтқыштар тарту күшін жоғалта бастаған. Жанармай таратқыш тетіктері «RUN» режимінен «CUTOFF» күйіне ауысып, жанармай беру тоқтап қалған. Осы кезде ұшқыштардың бірі серіктесіне: «Неге жанармайды өшірдің?» деп сұраған, бірақ екінші ұшқыш бұлай жасамағанын айтқан. Бірнеше секундтан соң олар жанармай беруді қайта қалпына келтіруге тырысқанымен, биіктік пен уақыттың жеткіліксіздігінен қозғалтқыштарды қайта іске қосу мүмкін болмаған. Мамандардың айтуынша, бұл тетіктер кездейсоқ қосылып кетуден қорғалған, сондықтан оларды тек әдейі немесе техникалық ақау кезінде ғана ауыстыруға болады. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр, түпкілікті қорытынды әлі шығарылған жоқ.
Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақта 242 адам болған. Олардың ішінде 169-ы – Үндістан азаматтары, 53-і – Ұлыбритания, 7-і – Португалия, ал 1-і – Канада азаматы болған. Апаттан аман қалған жалғыз адам – 40 жастағы Ұлыбритания азаматы. Ол ұшақтың артқы есігіне ең жақын жерде отырып, қауіпсіздік белбеуін таққандықтан, аман қалған. Қазір ол ауруханадан шығарылып, тергеуге куәлік беріп үлгерді.