Ағылшын және кеңес отаршылдығы Мұстафа Шоқай көзімен

12 Қыркүйек 2017, 09:51 8185

Үндістан және Түркістан қайраткерлерінің қилы тағдыры нендей сыр шертеді? 

Ел. Kz сайтында бірнеше күн бұрын Үндістан азаттығы көшбасшыларының бірі Джавахарлал Неру жайлы Ерлан Оспан мырзаның ДЖАВАХАРЛАЛ НЕРУ. ЖӘНЕ АЗДАП – ҮНДІСТАН тұщымды материалы жарық көрген еді (гиперсілтеме). Автор мақаласында қайраткерлік, лидерлік тұрғысынан Неруды алаш қайраткерлерімен сабақтастыра атап өтеді. Сол тұстағы кеңестік Қазақстан да Үндістан, Мысыр т.б. елдер тәрізді отар елдер санатында болғандықтан, оларда болып жатқан саяси өзгерістер алашордашылардың эмиграциядағы өкілі – Мұстафа Шоқай назарынан шет қалған емес. «Яш Түркістан» басылымында тек Үндістан, Мысыр мәселелеріне байланысты арнайы 20-дан астам материалдардың жариялануы осы пікірді растай алса керек. Төменде біз осы айтылғандардан 1930 жылы  №5-6 нөмірде жарық көрген бір мақаланы ықшамдап, ұсынбақшымыз. «Яш Түркістан» журналынан аударылған бұл жазбадан сіз сол кезеңдегі  ұлттық саяси элитамыздың халықаралық жағдайға байланысты дербес көзқарас-пайымы мен ұлттық үнін тани аласыздар...

«Яш Түркістан» – 1929-1939 жылдар аралығында Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен Берлинде жарық көрген журнал. 10 жыл бойына кеңестік отаршылдықпен ымырасыз күрескен басылым сол тұстағы кеңестік саясатты халықаралық саяси қауымдастыққа шынайы көрсете  алған  санаулы ұлттық үнжариялардың бірі болды.

ҮНДІСТАН - ТҮРКІСТАН

(бір салыстыру)

Дүниежүзілік соғысқа дейін Үндістан Ұлыбритания императорлығының шикізат көзі мен фабрика тауары үшін нарығы болып келгені сияқты Түркістан да патшалық Россияның осыған ұқсас мақсаттағы бір отары болды.

Тоқымаға, жүйеден, өндіріске қажетті шикізат көзіне бай, халқы мол  Үндістан Манчестер сияқты үлкен сауда және өндіріс қалаларында топтасқан сауда шонжарларының байлыққа қол жеткізетін әрі сол аймақтағы жүмысшылардың өмір сүру қайнары болды. Тек дүниежүзілік соғыс бұл қалыптасқан жағдайды түбірінен өзгертті. Үндістан халқының әлеуметтік әрі экономикалық жақтан толыса түсуі де ұлттық өндірістің өркендеп, саяси жағдайдың өзгеруін талап етерлік жағдайға жеткізді.

Англия отарындағы Үндістанның 350 миллион халқынан 230 миллионға жуығы қыстақ қожалығында еңбек етіп, қалған жүз миллионнан астамы үлкен қалаларда сауда әрі ел істері сияқты шаруаларда жұмыс істейтін.

Қыстақтардағы диқандардың өмір сүру жағдайларының ауырлығына қоса, арзан шет фабрика тауарларымен бәсекеге түсе аларлық өнім шығара алмай, жұмысынан, күнкөріс көзінен айырылған кәсіпкерлер де қыстақтарға жүк болып артылатын. Екі жақтап қосылған жұмыссыздар тобы большевик насихатшыларының айтатынындай төңкерістік түс алмаққа Үндістанды бір қорқыныш елесі кезіп жүрді.

Үндістан, Амритсар 1920 жылдар.

Дүниежүзілік соғыстың аяғында басталған өндіріс аз уақыт ішінде үлкен даму әсерін беріп, 1927 жылы, жоғарыда айтқанымыздай, ауыр халде тұрған үндістандықтарға 15 миллион кісіге жұмыс және өмір сүру мүмкіндігін берерлік жағдайға жеткізді. Бүл көрсеткіш тоқтап қалмастан, жылдан-жылға жалғасты өсумен болды. Өндірістің бүл қарқында дамуы тек Англия тоқыма өндірісіне емес, сонымен қоса бүкіл дүниенің осы өндіріс түріне қатты соққы берді. Аз ғана уақытта мақта өндірісі Үндістаннан шетел тауарларын ғана ығыстырып шығармастан, өзге мемлекеттердің де нарығын иелене бастады. Осы дамуда Үндістан өндірісінің кемелді келешегіне ешкімнің де шүбәсі қалмаған еді.

Үндістандықтар отандарында әр тараптан Англия монополиясына қарсылығын білдірді. Сондай-ақ өз сұраныстарын өздері өтегенше тек ағылшын ғана емес, барлық шетел нарықтарына бірдей ашықтық танытып,  олардың өнімінен пайдаланбақ ниеттерінің барлығын жеткізіп отырды. Бұл жоғарыда айтылғандар отарлық саналатын әрі нақты өмірде де отаршылдық заңы жүргізіліп отырған Үндістанның экономикалық жағдайынан бір көрініс.

Ал отар Түркістанда Советтік Россияның жүргізбек болған экономикалық саясатын Зеленский және басқалардан сұрайық. Бұл адам совет экономикалық негіздеріне сүйене «Орта Азия Республикаларымыздың совет экономикалық құрылысында бірінші қатардағы міндеттері бізді өзге мемлекеттердің әсерінен құтқаратын шикізатты дамыту» дейді.

Бүл Түркістанның «құтқарушылары» тарапынан бұрынғыдай патшалық Россия заманындағы міндетінде қалдырылады деген сөз еді. Түркістанда өндіріс маңыздылығынан сөз қозғаған таңдаулы Қазақстан коммунисі Смағұл Сәдуақасұлына Москваның жауабын жеткізген Таболов есіміндегі бір бұлғар большевигі былай дейді: «Біз стратегия маңызын көзден таса ұстай алмаймыз. Жан-жақтағы өлкелеріміз Орталықтан жалпы беттік қамдалған емес. Ол жерлерде 1918-19 жылдардағы оқиғалардың, яғни шет күштердің қасарысуымен Орталықтың бүл өлкелерден айырылып қалу ықтималдығы жоқ емес. Сондықтан бұл стратегияның біздің экономикалық теңдігімізді белгілеуде әсері аз болмас» дейді.

Демек, ескі Россиядағы сияқты бүгінгі Россияда да Түркістанда атқарылатын барлық шаруалар оны (Түркістанды) шынайы қорқынышсыз орыс аймағының бір бөлігі ету нысаны көзделе отырып жасалады және барлық зейіндер мен қолдаулар сол мақсатты жүзеге асыруға арналады.

Мақта, жібек әрі осы тектес материалдардың қайнары, сонымен қоса осы өндірісті дамытуға қажетті шарт-жағдайдың бәрі бар Түркістанда бір тоқыма фабрикасы салынуға бұйрық берілген екен, фабрика барлыққа келмей жатып-ақ оның жүмысшыларының көпшілігі орыс болуын қажет тапқан қамдау шаралары басталып та кетті.

Үндістандағы жағдайдан хабар таратқан Еуропа баспасөзі «отар үндістандықтардан» 400 мың кісілік армия болғанын, бұған қарсы отарлаушы англиялықтардан Үндістанда 60 мың ғана әскер барлығын жазып отыр.

«Тәуелсіз» Түркістан Республикаларында жергіліктілерден жасақталған совет әскері бар ма екен? Егер шынайы осындай бір күш болғанда Голощекин барша Қазақстан совет құрылтайына қарсы тұрып: «...бұл қарарыңызды атқару үшін әскеріңіз бар ма?»,- деп айбарланбаған да, сөкпеген де болар еді.

Отарлық Үндістандағы бүкіл мекемелерде, тіпті, теміржол мен почталарда да тізгін басындағы адамдар үндістандықтар. Түркістанда осыған тектес қандай шаралар жүргізілген? Мекемелерді жергіліктендіру, тұрғылықтыларға жақындастыру сияқты жамылғыларға жасырынып істеп келген ойындарын бүкіл әлем он үш жылдан бері естіп, көруде. Жергіліктендіру кезінде кейбір өз қабілеттерімен кірген тұрғылықтылар да қуылып шығарылуда. Бұлардың барлығынан да біздің назарымызды көбірек аударатын бір мәселе – бертінгі кезде басталып, бүкіл Үндістанда таралып жатқан бір оқиға.

Өткен жылдың соңғы күндерінде Лahop қаласында шақырылған Үнді Ұлттық Конгресінің Үндістан үшін ұлттық тәуелсіздік талабын мақұлдап, үнді ұлттық тәуелсіздік байрағын көтергені барша әлемге мәлім.

Осы уақыттарда Лаһор қаласында жалғыз конгрестегі 8000 өкіл емес, Үндістанның әр бұрышынан жиналған жүз мыңдаған адам бар еді. Осыншама көп халық жиылып, әр түрлі ұрандар мен үнді тәуелсіздік пікірін жақтайтын сөздер айтатын. «Жасасын Үндістан тәуелсіздігі!» жеңіс сөздерін аспандата шырқаған қара нөпір халыққа қарсы Англия үкімет сақшысы тек тәртіпті сақтау шараларынан басқаға бармаған.

Еуропа газеталарынан бүл хабарды оқығанда мұнан он екі жыл ілгері автономия байрағын көтеріп, құралсыз көшеге шыққан бейкүнә халқымыздың басына «құтқарушы» қызыл орыс әскерилерінің жасаған қанды шабуылы әліге көз алдымда тұрады.

Кейінгі кезде Үндістан бостандық жақтаушыларының атақты басшысы Ганди Үндістан билеушісі Лорд Ироинға бір хат жазып, оны да бір англиялық арқылы жіберген. «Құрметті досым!» деп басталатын бұл жазудың толық мазмұны Лорд Ироин мен Гандидан басқа ешкімге белгілі болмаса да, Лордтың хатты алғаннан кейін: «Гандидың заңға бойұсынбауы мен ереуілдерге себеп болатын кескін бұйрықтар бергеніне өкініш білдіремін» деуі ол хаттың күрес әрекетінің басталуы болғанын меңзейді. Мәтіннің толық нүсқасы не болса болсын, соңынан болған оқиғалар Гандидың бір бекемге келіп, іске кіріскендігін көрсетеді. Ол адам жақтастарынан шағын ғана бір топпенен Үндістанның үлкен бір бөлігін аралап, жол үстіндегі қалалар мен қыстақтарда күрес бағытын түсіндіріп жүріп, ең соңында Англия әскери монополиясына қарсы әрекетін бастады. Отар Үндістанда басталған «қансыз соғыс» әрекетіне қарсы Англия үкіметінің ұстанымдарын айта отыра, Түркістанымыздың шынайы жағдайын көзден өткізбей өте алмаймыз. Бұл күндері Түркістан бостандығын жақтаушылардың мекенінде ешбір түрдегі іс атқару, тіпті, ең қарапайым саналған өмір сүру мүмкіндігінің жоқтығы, жүз мыңдаған ел ағаларының тек ұлтшыл күмәнімен ғана Росияның түрлі бөліктеріне, Сібірдің мұздықтарына сүргінге айдады. Аталған сүргінді бір жаққа қайыра тұрып, «төңкерістік шығысқа» үлгі болатын «тәуелсіз» Орта Азия республикаларының коммунист комиссарларына бір сәт көз салайық. Шынайы тәуелсіздіктен, тым болмаса, автономиядан да ешбір елесі жоқ, москвалық жолдастардың жұртында халқын буындырып өлтірерліктей жан түршігетін қанды саясат жүргізіп отырғанын көріп, оған қарсылық көрсеткен және аз да болса адами тұрғыдан мәміле жасауды талап еткен Қазақ Автономиялы Совет Республикасының комиссары Смағұл Сәдуақасұлы осы айыбы үшін Москваға сүргін етілді. Сүргінде жүріп, ол жерде қатаң сөгістер қыспағында қалғаннан кейін соңында «ұлтымның құқығы деп айтқан сөзімнен қайттым. Тәубе қылдым» деуге мәжбүр болды. Оның пікіріне жақтаушы болған қазақ коммунистерінің де қызметтен аластатылғаны табиғи жайт.

Түркістан, 1920 жылдар

Партияның бір қарарын орындауда мүлт кеткен қылмысымен бір топ орыс эмигрантына залал жеткізгені үшін Сегізбаев сияқты бір комиссарлар жылдар бойы еліне келе алмауда. Зеленский «тәуелсіз» Өзбекстанда Россиялық жолдастардың асып кеткен ұлтшылдық әрекеттеріне шектеу айтқан оқу комиссары Рахым Анғамұлын ертесі күні қызметінен босатып, Сурхандария сияқты шет аймаққа айдады.

Зеленский билік ұстаған жерде орын алып отырған қанішерлік саясатқа наразылығын білдірген комиссар Қадырғалиевті Москваға сүргінге жіберіп,  сонда өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүр етті.

Кейінгі уақыттағы күннен-күнге тепкісін күшейтіп келе жатқан жауыздыққа шыдай алмай қарсылық білдірген Ядгар Садықұлы есімді бір жас коммунист партиядан айдалды. Демек, бүл жас коммунист саяси құқықтарынан «азат етілді». Мұндай оқиғалар жүздеп-мыңдап кездеседі. Мұндайлардың тек бар айыбы – наразылық білдіргендері. Тәуелсіздік талабы мен автономиялық құқықты сұраған он мыңдаған, жүз мыңдаған түркістандықтар ұқсас тағдырмен өлімге үкім етілді. Міне, «тәуелсіз» Түркістанның хәлі осындай болғанда отар Үндістанның ұлтшылы, тәуелсіздік жақтаушысы қолында байрағы, аузында ұлттық конгрестің қарары бар бүкіл мемлекетті аралап, ашықтан-ашық программасын таратып жүр.

«Отар Үндістанда» Англия басшысы Үндістан тәуелсіздігі үшін күресушілердің  лидерінің ультиматумын алғанда өкініш білдірсе, қызыл орыс басшылығы құқығын талап еткен Түркістандағы жерлік коммунистердің «басын жаншып», «өлімге айдайды».

Жоғарыда айтқандар отарлық жағдайында ғұмыр кешіп отырған өлкелердің бірі мен «бүкіл шығыс дүниесіне үлгі болатынымен» жар салған «тәуелсіз» республикалар арасындағы айырмашылықты көрсететін мысалдар тізбегінің бір үзігі.

"Яш Түркістанй журналының 1937 жыл №95 нөмірінің  мұқабасы

Бөлісу: