Үмітті ақтамаған аяқдопшылар

17 Мамыр 2017, 11:25 5214

Спорт еркелікті көтермейді

Футбол – үлкен сахна. Онда өнер көрсету үшін әрқашан аянбай, талмай еңбектенуің қажет. Сәл босаңсу сені «сахнадан» бірден түсіріп тастайды. Қазақ футболында жұлдыздай жарқ етіп шығып, әріге шаба алмаған ойыншылар жеткілікті. Теңбіл допшылардың қалағанынша көк алаңда көсіле алмауына не себеп? Ертерек болдым-толдым деп еркінсіп кетті ме? Оларда бұл сұрақтың әрқайсысына жауап дайын екенін айтпасақ та түсінкті.

Біздің тізімімізге бірінші іліккен ойыншы Бауыржан Жолшиев. Қырғыз жерінде дүниеге келген Бауыржанның нағыз өнерін «Астана» футбол клубында анық аңғардық. Оң қапталдан атойлаған жартылай қорғаушы елордалық клубты төрге сүйреді. Чемпиондар лигасында біраз жарқын ойынымен көптің көңілінен шықты, тіпті еуропалық клубтар да көз тігіп, Жолшиевтың асығы алшысынан тұрды-ау деп мақтаныш кернеп жүрген. Бұл 2015-2016 жылдары еді... «Астанадан» кетіп, кәрі құрлықта доп тебе қалам деген Бауыржанның мақсаты орындалмай қалды. Ешқандай команданың сапына кіріге алмаған футболшы әлі күнге дейін клубсыз жүр. Тіпті алкагольді сусынның кесірінен істі болып, біраз былыққа басы «кіріп» кетті. Қазақстан құрамасында да тамаша ойындар өткізді, футбол мамандары ол енді бұрыңғы бабына келе алмайды деп болжап отыр.

Сонау Бразилияның «Оле Бразил» академиясында дәріс алған Рауан Сариев та сондағы жаттықтырушылардың назарына ілігіп, қос аяғымен де тамаша соққы жасай алады, керемет шабуылшы өсіп шығады деген мақтанға ие болған еді. Десек те, сол жақтағы үш жылын тәмәмдап, елге оралған Рауан әлі де өзін көрсете алмай жүр. Бар-жоғы 23 жастағы аяқдопшы «Жетісу», «Қайрат», «Ордабасы» сапында өз бағын сынап көрді, одан әзірге түк шықпады. Қазақ сондай ойыншы өсіп келеді дегенде бөркін аспанға атып қуанған еді, бірақ еш нәтижесіз. Рауанның болашағы алда деп сенім білдіреміз.

Әйгілі Уэмблиде доп соққан қазақ кім екенін білесіз бе? Бар-жоғы 17 жасында Қазақстанның негізгі құрамасында ойнауға мүмкіндік алған – Жамбыл Көкеев. Ол 2005-2013 жылдың аралығында бірнеше команданың сапында ерекше ойынымен көзге түсіп, тіпті ел чемпионы атағын да жеңіп алды. Талантты ойыншы содан кейін жүрісінен жаңылып, ешбір командада тұрақтай алмады. Өткен жылы «Қайратпен» бірге ел біріншілігінің күмісін алды, ал биыл қызылордалық «Қайсармен» келісім жасасты. Бірақ, баяғы Көкеевты расымен жоғалтып алдық.

Сабырхан Ыбраев. Қазақ футболының бағына туған бала деп еді... Бүгінде жасы 30-ға таяған Сабырхан бірінші лиганың көркін қыздырып жүр. Алматылық ЦСКА-ның түлегі Қазақстан жейдесін де бірнеше рет киді. Сонау 2006-2009 жылдары «Ертіс» пен «Тобылдың» құрамында аянбай тер төкті. Бірақ, сол күйі премьер-лигада тұрақтай алмай, төменгі лиганың бірнеше командаларында ойнап жүр.

Таланттарға бай Тараз футбол мектебі Ерзат Кенбаев деген ойыншыны тәрбиелеп шықты. Қайсар мінезді шабуылшыға кезінде Батыс Еуропа мен ресейлік бірнеше клубтар «құда» түсіп жатыр деген сыбыстар шыққан. Ерзат «Жетісу», «Оқжетпес» және «Тараз» сапында 150-ге тарта ойын өткізген, десек те, бұл күндері бірінші лигадан әрі аса алмай жүр. 2008 жылы тіпті, еліміздің жастар құрамасында жүріп, Испанияның торын тулатқан Ерзаттың бағы неге жанбады?

Абзал Жұмабаев (суретте төменгі қатарда екінші тұр) есімді футболшы «Алма-Ата» сапында жүріп, екінші Смақов атағына ие болған еді. Кез-келген шабуылшыны састыратын Абзалдың болашағы жарқын деп болжанған. Тегеурінді қорғаушының жасыл алаңдағы ғұмыры көпке ұзамады. Ол өз мансабын неге ерте аяқтағаны көптің көкейінде қалып қойған сауал болды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: