Ұмыт қалған «Ұлттық әдебиет»

22 Қыркүйек 2017, 12:08 7766

Берлинде жарық көрген ұлттық әдеби журнал жайлы не білеміз?

Уақыт озған сайын ІІ дүниежүзілік соғыстың ақиқаты аршылып, ақтаңдақтары анықталып келеді. Айталық,  Рейхстагқа  бірінші болып ту тіккен Қошқарбаев есімінің қайта жаңғыруы, Түркістан жұртынан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екендігінің дәлелденуі т.б. жағдайлар көмескі көп сырдың бетін ашты. Десе де әліге жоқшысын таппай, белгісіз жатқан деректер аз емес. Сондай сыр бүккен тарихтың бірі – Түркістан легионерлерінің қалам қуатымен жарық көрген «Милли адабият» журналы.

«Милли адабият»: дерек пен дәйек

Милли адабият («Ұлттық әдебиет») – ІІ дүниежүзілік соғыста немістерге тұтқын болған кеңестік қызыл әскерлер (түркі нәсілділері) қажырымен жарық көрген әдеби басылым. Шығарушысы – Уәли Қайым, редакторы – «Қобызшы Қорқыт» қаламатын алған Мәжит Айтбаев. 1913 жылдар шамасында дүниеге келген Мәжит Қызылорда өңірінің тумасы. Алматыдағы қазақ педагогикалық институтын бітіріп, туған жерінде екі жылдық мұғалімдер институтында әдебиеттен сабақ беріп жүрген кезінде майданға алынған.

«Милли адабият» латын қарпімен жарық көрген басылым. Бір ерекшелігі журналда шығарманың төл тілі сақталған. Яғни автор туындысын түркі тілінің қай нұсқасында ұсынса да, журналда сол тілдік табиғат бұзылмады. Соған қарамастан қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз тілдерінің қай-қайсысы да еш қиындықсыз оқылды.

Айына бір мәрте жарық көрген басылымда негізінен қолға түсіп, еркінен тыс майданда қан кешіп жүрген жауынгерлердің туған жерге сағынышы, ел-жұртқа деген ыстық ықыласы бейнеленді. Өлең-жыр, кестелі сөз болып өрілген шығармалардың қайбірінен де автордың айрықша махаббатын сезінбеу мүмкін емес. Басым көп санды шығармалар бүркеншік есімдермен берілген. Айталық, Қобызшы Қорқыт, Асан қайғы, Сайран, Ғали Алтай, Сыр баласы, Зарлық, Өлмес, Қ. Қазыбек, Қ.Қ., С., Легион әскері, Жақан, т.б. есімдер журнал бетінде жиі кездесетін бүркеншік аттар. 

Басылымда «халық әдебиетінен», «жырлар», «аудармалар», «күлкі бөлімі» қатарлы айдарлар болды. Осы айдарларымен тұрақты түрде түрлі жанрдағы шығармалар жарияланып тұрды. «Әлі қарттың әңгімесі», «Жолаушы» балладалары; «Балықшы қызы», «Адамның арманы» пьесалары; «Азамат» ертегісі мен «Өткен күндер» романынан үзінділер, «Мырқымбай» сатирасының басылуы журналды мазмұндық тұрғыдан байытты.

«Милли адабиятты байыту үшін оның роман, әңгіме, дастан, баллада, өлең және драммалық әдеби түрлеріне (жанрларына) кең жол беруіміз керек... Қазіргі кезде Түркістан ұлттық әдебиетін жасау ұстында біздердің қолға алған ең бір қажетті мәселеміз – Алманиядағы аз ғана әдебиетшілеріміздің басын құрап, олардың ата жұртымыз жөніндегі шығармаларын басуға, әдеби талантын жетілдіріп, әдеби түрлерін байытуға көп көмек беру» («Милли адабият», №3, 1943).

Ауыр азап және өлімді аңсау

Тұтқын болған түркістандық сарбаздар, олардың қилы тағдыры туралы жиі жазылып жүр. Әсіресе, соғыстың алғашқы жылдары қолында темірдің сынығы да жоқ, әскери жарақтан жұрдай түркістандықтардың алдыңғы шепке қойдай тоғытылғаны, ажалдан аман қалғандарының тұтқынға түскені айтылады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған есіл ерлер осылайша жат қолында ауыр азап тартты. Өмір мен өлім ортасында арпалысып ғұмыр кешті. Олардың туған жерді сағынуының өзі «әттең, сенде өлсем арманым жоқ» деп өлімнің өзін сүйініш санайтын ауыр хәлде еді. Сондықтан журнал жарияланымдарында елге деген сағыныш сезімінен тыс, ажал құшу, өлім тілеу көп байқалатын құблыс. Бұл – соғыс қажытып, аштық-жалаңаштық тауқіметі меңдеткен тұтқындардың тыныштыққа ұмтылу, мәңгі еркіндікке қол созу үмітінен туған өлім еді. Өлімнің астары олардың торыққан көңіл-күйінде жатыр. Өйткені 1941 жылы Сталинның тамыздағы тікелей бұйрығына сай соғыс кезінде жау қолына тұтқынға түскендер әскерден қасақана қашқан есептелініп, үй-іші отанын сатқан отбасы ретінде тұтқындалды. Осы қанқұйлы бұйрық тұтқындарды бір сәтте кеңес жауынгерінен отан сатқынына айналдырды. Сондықтан лагерлерде тұтқын есебінде тұрмыс азабын тартқанымен қоймай, өз отаны сатқын ретінде санап, бас тартқандықтан олар ішкі қайшылықта, аласапыран күйде ар азабына түсті. Түңілді. Сондықтан өлімді іздеді. Бірақ жай өлім емес, кіндік қаны тамған топырағында мәңгілік көз жұмуды тіледі. Тек сол өлім ғана рухын тыныштандыра алатындай көрінді. Қуғын-сүргіннен көз ашпаған Мағжан өмірдің өткіншілігі мен өгейлігін

«Жел, кұңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйде,

Мені де өлім әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!», – деп шер қозғаса,

«Милли адабияттың» Сайраны:

«Сол жақта, сұм өмірден таппай тірек,

Тәнімді марқұм болған жадап, жүдеп.

Алтайдың кең құздары құшаққа алып,

Әлдилеп, аяласа, – ақтық тілек».– деп өлім күйттейді

Өкініштісі, «Милли адабият» сияқты ұлттық жауһарымыз әлі де өз бағасын ала алмай, жоқшысын күтуде. Журналды таза қазақ тілінде жарық көрмеді деген көлденең уәж айтатындар да жоқ емес тәрізді. Дегенмен біздің айтарымыз: журнал кең ауқымда тұтас кеңестер қоластындағы түркі жұртының ортақ басылымы саналғанымен, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы т.б. ұлыларымыз жайында арнайы зерттеу материалдарын жариялауы, оған қоса беташар нөмірінің Абай жайлы зерттеу мақаласы мен Махамбет жырларымен жарық көруі сөзсіз қазақтың төл баспасөзі ретінде қарастыруға негіз бола алады. Осы реттен уақытпен бірге журналдың да белгісіз тарихы жаңғырып, беймәлім есімдері айқындалатынына еш күмән келтірмейміз.


Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: