«Ұмай» бағдарламасы бойынша өтініштер қашан қабылданады

3 Мамыр 2023, 19:12 1270

10 мамыр күні Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдай бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл аталған бағдарламаны несиелендіруге 15,6 млрд теңге жұмсалады. Ал бұл қаражатты Азия даму банкі үшінші транш аясында бөліп отыр.

Отбасы банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, АДБ шарттарына сәйкес Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларына заемның жалпы көлемінің 40% аспайтын бөлігін немесе 200-ге жуық несие бөлу жоспарлануда.

Несиенің 60% облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілмек. Сарапшылар бұл өңірлердегі қазақстандық әйелдерді қолдау және несиелеуде диспропорцияны болдырмайды деп түсіндірді.

Гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген бағдарламасы іске асыруға АДБ бас-аяғы 38 млрд теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. 2021 жылы «Ұмай» бағдарламасы басталған кезде, бірінші транш аясында, жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге 954 қазақстандық қыз-келіншек қарыз алған болатын. 2022 жылы 14 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 119 бұрымды баспана алып, қоныс тойын тойлады, - делінген мәліметте.

Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғары құны 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме биыл 14,4% (ЖТСМ - 15,4% бастап) тең, кейін ол 3,5%-5%-ға дейін (ЖТСМ - 3,6% бастап) төмендетіледі. 

«Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ «Ұмай» бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 млн теңгеге дейінгі мөлшерде қарыз алуға болады, - дейді Отбасы банктің баспасөз қызметі.

Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспаса, ол 15%-дық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 640 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20%-дық алғашқы жарнамен алуға болады.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биылдан бастап «Ұмай» бағдарламасына табысы 200 мыңнан асатын әйелдер де қатыса алады. 

«Ұмай» бағдарламасы екінші немесе үшінші тұрғын үй сатып алуды көздеп отырған, кірісі жоғары әйелдерге арналған. Биыл біз АДБ-мен бірлесіп, «Ұмай» бағдарламасына табысы 200 000 теңгеден аспайтын әйелдер де қатыса алатын болады деп шештік. Егер олар төлем қабілеттілігін растаса, ең төменгі 15% бастапқы жарнамен несие алатын болады. Біз оларға бөлінген қаражат аясында жалпы несиелендірудің 20% жуығын бөлуді жоспарлап отырмыз, - деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Перизат Саденова
Бөлісу: