Umai ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

23 Желтоқсан 2022, 18:17 2169

Жалпы жүлде қоры— 54 миллион теңге

Аталған тұңғыш ұлттық сыйлықты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағайындады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сыйлықты өткізу алаңына айналған "Астана Опера" театрында ұйымдастыру комитетіне үміткерлерден 439 өтінім түскені, олардың арасынан суырылып алға шыққан 76 үміткердің есімдері белгілі болды.

Бүгін жеңімпаздарға ұлттық сыйлықты салтанатты табыстау рәсімі өтті.

Марапатқа қоса, ақшалай  сертификат берілді. Жеңімпаздар «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» секілді аталымдардың жеңімпаздары атанды. Әрқайсысына жеке сыйлықтар қарастырылып, 2 миллион теңгеден алды. Сондай-ақ «Үздік музыкалық-драмалық спектакль», «Үздік балеттік спектакль» номинацияларында жеңіске жеткен  шығармашылық ұжымдар 10 миллион теңгеге ие болды және Қазақстандағы Балалар жылына орайластырылған арнайы жүлде – «Үздік балалар спектаклі үшін» 2 миллион теңге табысталды.

Umai сыйлығының маңыздылығы шын мәнісінде зор, бүгінде ол театрлық «Оскарға» пара-пар. Байқау алғаш рет ұйымдастырылып жатқанына қарамастан, еліміздің барлық өңірінен мәдениет қайраткерлері үлкен белсенділік танытқан.  Комиссия мүшесі болған Нұржамал Үсенбаева конкурсқа небір таланттар қатысқанын тілге тиек етті.

"Осындай ұлттық сыйлық өнер қайраткерлеріне үлкен қолдау көрсетеді. Өнердің шексіз әлеміне жол ашады. Барлық комиссия мүшелері үлкен жұмыс атқарды. Өйткені, спектакльдер өте көп болды. Бәрін бағаладық. Біз режиссерлік, сахналық сынды бірқатар талаптар бойынша таңдадық. Финалға өткендердің бәрі жеңімпаз атануға әбден лайық. Тек бұл сайыста үздіктің үздігі атануы ақиқат. Бізге қажетті конкурс болды. Болашақта керемет дәстүрге айналатынына сенімдімін, — деді Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева.

Еске сала кетейік, басты сыйлық – Umai мүсіншесі – өнер саласында сұранысқа ие суретші Армат Бектастың авторлық жұмысы.  Оның шығармашылық қызметі рәміздермен және белгілермен тығыз байланысты, суретші  өнерді пішін жағынан ұлттық және мағынасы жағынан жалпы адамзаттық етуге тырысады. Бұдан бөлек, бірегей мүсінше материалдық жағынан да бағалы, ол қоладан құйылған, ал оның негізі тастармен бедерленген жасыл пластинадан жасалған.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: