04.12.2025
09:30
502
Ұлытауда NEET санатындағы жастар неге көп? Әкім жауап берді

Ұлытауда NEET санатындағы жастар неге көп? Әкім жауап берді

Жастар жұмыссыздығы – бүгінде еңбек нарығындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ел бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі біртіндеп азайып келе жатқанына қарамастан, барлық өңірдегі жағдай бірдей емес. Әсіресе, Ұлытау облысында бұл көрсеткіш ел бойынша ең жоғары болып тұр. Себеп неде? Бұл мәселе қалай шешілмек? Облыс әкімі Дастан Рыспеков ОКҚ алаңында жауап берді. 

Ресми дерек қандай?

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстандағы NEET санатындағы жастардың үлесі – яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби курстарға қатыспайтын жастардың көрсеткіші – 6,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары біртіндеп төмендеп келеді: 2024 жылы – 6,5%, ал 2023 жылы – 7,3% болған. Республика деңгейінде оң динамика байқалғанымен, барлық аймақта жағдай бірдей емес.

NEET деңгейі ең жоғары өңірлер

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегі жастар арасындағы ең күрделі жағдайдың Ұлытау облысында екенін көрсетеді. Мұнда әрбір оныншы жас оқу мен жұмыс жүйесінен тыс қалып отыр – 10,4%. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Маңғыстау (10%) облысында да жағдай мәз емес, сондай-ақ Қарағанды (7,9%) мен Жетісу облысында (7,6%) көрсеткіш республикалық орташа деңгейден едәуір жоғары.

Бірқатар өңірлерде жастардың белсенділігі артып, NEET үлесі айтарлықтай азайған. Мысалы, Түркістан облысында бұл көрсеткіш – 5,8%, ал Шығыс Қазақстанда небәрі 4,2%.

Еңбек нарығындағы қазақстандық жастардың жағдайы

2025 жылдың басында елде 14–34 жас аралығында 5,82 миллион жас бар. Бұл – Қазақстан халқының шамамен 28%-ы. Олардың 3,67 миллионы қалада, ал 2,15 миллионы ауылда тұрады. Жастар ең көп шоғырланған өңірлер:

  • Алматы қаласы – 713 мың жас,
  • Түркістан облысы – 671 мың,
  • Астана қаласы – 482 мың.

Осы жастардың 3,74 миллионы экономикалық белсенді, яғни жұмыс істейді немесе жұмыс іздеуде. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1% болып қалыптасты. Бұл – 2024 жылғы көрсеткішпен бірдей әрі 2023 жылмен салыстырғанда төмен. Дегенмен ел бойынша 117,9 мың жас әлі де жұмыссыз жүр.

Жастар жұмыссыздығы ең жоғары аймақтар

Жалпы жағдай тұрақты болғанымен, ірі қалаларда жұмыссыздық көрсеткіші айтарлықтай жоғары:

  • Алматы қаласы – 4,1% (ел бойынша ең жоғары деңгей),
  • Астана мен Жетісу облысы – 3,8%,
  • Алматы облысы – 3,1%,
  • Түркістан облысы – 1,9% (республикалық деңгейден екі есе төмен).

Бұл статистика мегаполистердегі еңбек нарығының бәсекелестігі өте жоғары екенін, ал халқы тығыз өңірлерде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрсетеді.

Жастар 300 мың теңге жалақыға келіспейді

Дастан Рыспековтың айтуынша, өңірдегі NEET жастарына қатысты деректерді талдау жұмыстары жалғасып жатыр. Әкім ресми көрсеткіштерді есептеу әдістемесін қайта қарап, нақтылау қажет екенін атап өтті. Ол облыс экономикасында оң өзгерістер барын, жаңа өндіріс орындарының көбейіп келе жатқанын мысалға келтірді.

Бұл бағытта қолданылып отырған методологияны қайта қарап, толықтыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені біз өңірдің өзінде өмір сүріп, кәсіпкерлік саласындағы өзгерістерді күнделікті байқаймыз. Соңғы кезде бірқатар жаңа өндіріс іске қосылды. Дегенмен ұсынылған жұмыс орындарының бәріне жастардың баруы екіталай. Кейде тіпті 300 мың теңге жалақы ұсынғанның өзінде жұмысқа келіспейтіндер кездеседі, – деді облыс әкімі.

Дастан Рыспековтың сөзінше, жастарды жұмыспен қамту және олардың белсенділігін арттыру бағытында тиісті басқармалар жүйелі түрде шаралар өткізіп жатыр.

Ол NEET санатындағы жастар үлесін азайту үшін арнайы бағдарламалар іске асырылып, жауапты құрылымдар жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. Аймақ басшысы мәселенің бар екенін ашық мойындап, көрсеткішті жақсартуға күш салынатынын жеткізді.

Жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отыр. Мұндай жағымсыз статистиканың бар екенін жасырмаймыз. Бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеуге тырысамыз, – деді Дастан Рыспеков.

Жұмыссыз ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру

Бүгінде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі аясында білім беру ұйымдарын енді тәмамдаған жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған бірнеше тиімді тетік қолданыста бар. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – жаңа түлектердің еңбек нарығына сенімді қадам басуына, мамандығы бойынша тәжірибе жинауына және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

Мансап орталықтары ұйымдастыратын жастар практикасы түлектерге алған кәсібі бойынша алғашқы еңбек дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаға соңғы бес жылда оқу орнын аяқтаған, 35 жасқа толмаған жұмыссыз жастар қатыса алады. Жұмыс орындары меншік нысанына қарамастан кез келген кәсіпорыннан ұсынылады және міндетті түрде түлектің алған мамандығына сай болуы тиіс. Ай сайынғы жалақы 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленеді. Қатысу үшін жастар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш береді және жеке куәлік, еңбек кітапшасы (бар болса), білім туралы құжаттың көшірмесін тапсырады.

Жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған тағы бір мүмкіндік – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. Бұл жоба алғаш рет жұмыс іздеп жүрген, тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Жұмыс беруші мансап орталығымен келісім жасап, қатысушыны кемінде 18 айға жұмысқа қабылдайды. Осы кезең ішінде жұмыс берушіге жергілікті бюджеттен ай сайын 30 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Өтініш беру тәртібі жастар практикасына ұқсас – жастар мансап орталығына жеке куәлік пен білім туралы құжатты тапсырып жүгінеді.

Ал еңбек өтілі бар мамандардың орнын біртіндеп жас кадрларға тапсыруға бағытталған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы ұйымдардағы буын алмасуын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс беруші зейнет жасы таяған қызметкердің орнына жас маманды кемінде 6 айға жұмысқа қабылдайды. Жалақыға бөлінетін субсидия көлемі – 30 АЕК. Қатысу үшін өтініш беруші мансап орталығына жеке басын куәландыратын құжат пен білімі туралы құжаттың көшірмесін тапсырады.

Жоғарыда аталған барлық бағдарламаларға өтінімді тек мансап орталықтары арқылы ғана емес, «электрондық үкімет» порталы немесе www.enbek.kz – Электрондық еңбек биржасы арқылы да онлайн беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жастарға құжат жинауды жеңілдетіп, қызметті қашықтан алуына жағдай жасайды.