Ұлытау облысында заңсыз алтын өндіріп келген жамбылдық тұрғын ұсталды

16 Маусым 2023, 02:09 911

Ұлытау облыстық Полиция департаментінің қцзметкерлері Жаңаарқа ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысқан қылмыстық топ өкілдерін қолға түсірді.

Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Оқиға орнында 23 адам ұсталған. Ал Жамбыл облысының 29 жастағы тұрғыны жерасты «кәсіпорнын» ұйымдастырушы екені анықталды.

Күдіктілер құрамында алтын бар кенді ашық игеруден алған, содан кейін оны ұсақтап, жуған. Оқиға орнынан полицейлер грамдық таразыны, ұсатқыш станокты, құрамында алтын бар 2 тоннадан астам кенді, шамамен 70 грамм алтынды тәркіледі, - делінген полиция таратқан мәліметте.

Сондай-ақ оқиға орнынан арнайы техника, жүк көліктері, самосвалдар, экскаватор анықталды. Тіпті жауынгерлік патрондармен ату үшін қайта жасалған тапанша да болған.

Оқиғаға қатысты тергеу басталды.

ҚР ҚК-нің 295-1-бабы (Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу), ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және ҚР ҚК-нің 288-бабы (Салық салынатын кірісті азайту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - делінген мәліметте.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етуге жатпайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: